Қазақ авторларының кітаптары Бразилия Ұлттық кітапханасына сыйға тартылды

Қазақ авторларының кітаптары  Бразилия Ұлттық кітапханасына сыйға тартылды

Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Рио-де-Жанейроға жұмыс сапары аясында Бразилия Ұлттық кітапханасының Қорына барып, оның Президенті Марко Америко Луккези мырзамен кездесті.

Елші әңгіме барысында Бразилиядағы қазақ авторларының шығармашылығын кеңінен насихаттауға және бразилиялық оқырмандарды Қазақстанның тарихы, мәдениеті, өнері мен қазіргі дамуымен таныстыруға бағытталған «Бразилиядағы Қазақ кітапханасы» жобасымен таныстырды. Тараптар, таныстырылым мен әдеби кештер түрінде бірлескен іс-шаралар өткізу, сондай-ақ екі елдің басты кітапханалары арасында әріптестік қатынастар орнату мүмкіндіктерін талқылады.

Марко Луккези өз кезегінде, елдің басты кітапханасы, Латын Америкадағы ең ірісі және көлемі бойынша әлемдегі жетінші болып саналатын Бразилия Ұлттық кітапханасының тарихы және қазіргі қызметімен таныстырып өтті. Сұхбаттасушы, екі халықты рухани жақындастыратын «Бразилиядағы Қазақ кітапханасы» жобасының жүзеге асырылуын қошеметтеп, өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастық құруға әзірлігін жеткізді.

Елші Болат Нүсіпов кездесу соңында Қор Президентіне «Қазақ кітапханасы» жобасы аясында шығарылған еңбектерді, соның ішінде португал тіліндегі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірнеше данасы мен Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерінің» жинағын сыйға тартты. Бұл ретте, аталмыш еңбектердің қазақ халқы үшін тарихи құндылығы мен тәжірибелік маңызы ерекше атап өтілді. Кездесуге Флуминенсе университетінің профессоры, «Қазақстан-Бразилия» достық форумының атқарушы директоры әрі «Бразилиядағы Қазақ кітапханасы» жобасы аясында шығарылатын кітаптардың аудармашысы - Эдельсио Америко мырза да қатысты.

Кітапхана 1810 жылы Португалия королі Жуан VI-ның бастамасымен құрылған. Қазіргі уақытта Рио-де-Жанейродғы Бразилия Ұлттық кітапханасының Қорында сирек кітаптар, карталар мен фотосуреттердің кең жинағы, сондай-ақ 1907 жылдан бері елде басылып шыққан әрбір басылымның түп көшірмелерін қоса алғанда, 9 миллионнан астам құнды еңбек сақталып тұр. Бразилия Ұлттық кітапханасы маңызды мәдени және сәулеттік нысан болып табылып, ал оның ауқымды қоры, ел мен бүкіл әлем үшін баға жетпес мұра ретінде саналады.