Астана, 2025 жылғы 17-18 қыркүйек – Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтті. Форумның негізгі тақырыбы – «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия».
Съездің жұмысына әлемнің 60 елінен 100-ден астам өкіл қатысты. Олардың арасында ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің рухани көшбасшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымы, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері болды. Сондай-ақ, съезд аясында 16 қыркүйекте алғаш рет БҰҰ Өркениеттер альянсы (UNAOC) шеңберінде Бас хатшының өкілі Мигель Анхель Морантиностың төрағалығымен діни нысандарды қорғауға арналған Арнайы сессия өтті.
Арнайы сессияда Аргентина Республикасындағы Ахмадия мұсылман қауымының Президенті, АӨК дін бостандығы жөніндегі комиссары Марван Гилл баяндама жасады. Өз сөзінде М.Гилл ислам дінінің маңызы мен дін бостандығына кепілдік берудің, барлық діни нысандарды қорғау үшін жауапты болудың қажеттілігін атап өтті. Сессия барысында қатысушылар діни нысандарға төнген қауіптердің артуын, вандализм мен діни төзбеушілік әрекеттерін талқылап, үйлестірілген халықаралық жауаптың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар, БҰҰ-ның діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінді. Сессия Қазақстанның жаһандық дінаралық диалогтағы белсенді қатысушы ретіндегі мәртебесін растады әрі Съездің рухани дипломатияның халықаралық алаңы ретіндегі маңызын күшейтті.
Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі барысында «Дінді орнықты дамудың факторы ретінде қарастыру» тақырыбындағы секциялық отырыста Бразилия Федеративтік Республикасындағы Теософиялық қауымдастықтың мүшесі Освальдо Кондэ баяндама жасады. Ол діннің әлемдік орнықты даму үдерісіндегі рөлін атап өтті. Аталған іс-шарада қақтығыстарды болдырмау мәселелері — Таяу Шығыстан Шығыс Еуропаға дейін, цифрлық шындық пен жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар, сондай-ақ жастардың радикалдануына қарсы күрес тақырыптары да талқыланды.