Эквадордағы ҚР Құрметті консулдығы Эквадорда жүрген Қазақстан азаматтары үшін ерекше жағдайлар жасайды

Эквадордағы ҚР Құрметті консулдығы  Эквадорда жүрген Қазақстан азаматтары үшін  ерекше жағдайлар жасайды

Кито қ., 2025 жылғы 10 қыркүйек - Қазақстанның Эквадордағы Құрметті консулы Леопольдо Окампо мен «Club de Leones Quito Luz de América» клиникасының директоры Марсело Вискарра Эквадордағы Қазақстан азаматтарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Бұл келісімнің негізгі мақсаты – Эквадорда тұратын Қазақстан азаматтарына халықаралық ынтымақтастық пен екі елдің халықтары арасындағы өзара бірліктің қағидаттарына сәйкес, ерекше жеңілдіктермен дер кезінде медициналық көмек көрсету.

Бұл бастама Қазақстан азаматтарының Эквадордағы интеграциясы мен игілігіне белсенді үлес қосқан Л.Окампоның дипломатиялық және гуманитарлық іс-қимылының арқасында мүмкін болды. «Club de Leones Quito Luz de América» клиникасы әлеуметтік жауапкершілік және гуманитарлық қызмет көрсету құндылықтарына сәйкес, қоғамға медициналық қызмет көрсету тәжірибесіне ие.

Ресми қол қою рәсімі кезінде екі тарап та Эквадорда уақытша немесе тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында, екі елдің әлеуметтік және консулдық мекемелері арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Тараптардың пікірінше, қол қойылған келісім Эквадор мен Қазақстан арасындағы денсаулық сақтау саласындағы қатынастарда маңызды кезеңді білдіреді және екі мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің негізін қалады.