Бразилиялық оқушылар Қазақстан Елшілігінде болды

Бразилиялық оқушылар Қазақстан Елшілігінде болды

Бразилиа, 2025 жылғы 20 тамыз – Бразилия Федералдық округінің Халықаралық байланыстар хатшылығы бастама еткен «Елшіліктердің ашық есіктері» бағдарламасы аясында Қазақстан Елшілігінде дипломаттар бразилиялық оқушылармен кездесті.

Жоғары сынып оқушыларынан құралған топқа Бразилия Федералдық округінің Халықаралық байланыстар жөніндегі хатшысының орынбасары Пауло Сезар Чавес және оларды ертіп жүрген мұғалімдер жетекшілік етті.

Оқушылар үшін Қазақстан тарихы мен мәдениеті, қазақ тілі, ұлттық тағамдар мен табиғаты туралы арнайы таныстырылым жасалды. Сондай-ақ дәстүр бойынша бразилиялық оқушылар елшіліктің қызметі және дипломаттардың жұмысымен танысты. Қонақтарға елшілік аумағында экскурсия ұйымдастырылып, ұлттық қазақ тағамдары ұсынылды және естелік кәдесыйлар табыс етілді.

Шара барысында бразилиялық оқушылар Қазақстанға және қазақ халқының мәдениетіне ерекше қызығушылық танытып, бірқатар тақырыптық сұрақтар қойды.

«Елшіліктердің ашық есіктері» бағдарламасы Бразилиядағы мемлекеттік мектептердің жоғары сынып оқушыларына шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің қызметімен тәжірибе жүзінде танысуға мүмкіндік береді. Бағдарлама оқушыларға халықаралық байланыстар мен мәдени алмасу әлеміне жол ашады.