Бразилияда Абайдың 180 жылдығы аталып өтті

Бразилияда Абайдың 180 жылдығы аталып өтті

Бразилиа, 2025 жылғы 7 тамыз – Ұлы қазақ ақыны, ойшылы және ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Бразилияның Ұлттық кітапханасында Абайдың «Қара сөздері» атты кітабының португал тіліндегі басылымының тұсаукесері өтті.

Іс-шара Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінің бастамасымен, «Қазақстан–Бразилия» достық форумы және Бразилия астанасының Ұлттық кітапханасымен бірлесе отырып ұйымдастырылды. Тұсаукесерге Бразилияның зиялы қауым, дипломатиялық корпус пен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Презентация барысында Бразилия Планетарлық одағының Президенті, экс-сенатор Улиссис Ридел ди Резенди, Федералды округтің мәдениет және халықаралық байланыстар жөніндегі жетекшілерінің орынбасарлары Фелипе Рамон мен Пауло Сезар Шавес құттықтау сөз сөйледі.

«Қазақстан–Бразилия» достық қоғамының атқарушы директоры, Абайдың «Қара сөздерін» португал тіліне аударған Флуминенсе университетінің профессоры Эдельсио Америко өз баяндамасында қазақ әдебиетінің тарихы мен Ұлы Абай шығармаларында көтерілген философиялық тұжырымдар туралы жан-жақты әңгімеледі.

Бразилиялық қатысушылар Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына үлкен қызығушылық танытып, оның еңбектері дала өркениетінің рухын, қазақ халқының ұлттық болмысын қалыптастыру кезеңіндегі ерекшеліктерін бейнелейтінін атап өтті. Кездесу барысында Рио-де-Жанейро қаласының Леблон ауданында Америка құрлығында тұңғыш рет бой көтерген Абай ескерткішінің маңыздылығы ерекше айтылып, бұл рухани құндылықтың Қазақстан мен Бразилия халықтарын жақындастыратыны аталып өтілді.

Іс-шараның мәдени мазмұнын Абайдың «Көзімнің қарасы» әні мен «Дударай» ұлттық күйінің нұсқалары ерекше әшекейледі. Қазақ қонақжайлылығының дәстүріне сай, әдеби кеш қонақтарына ұлттық тағамдар ұсынылған мерекелік дастархан жайылды.

Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» кітабы португал тілінде «Бразилиядағы Қазақ кітапханасы» жобасы аясында қайта басылып, ұлы қазақ ақынының 180 жылдығына орай жарық көрді. Аталған жоба шеңберінде бұған дейін Бразилияда қазақ мемлекеттігінің тарихы мен қалыптасуын баяндайтын Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының үш томы басылып шыққан болатын.