Сукре, 2025 жылғы 6 тамыз – Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Боливияның тәуелсіздігінің 200 жылдығына арналған салтанатты отырысқа қатысты. Іс-шара Боливия тәуелсіздігінің символы саналатын тарихи музей – Тәуелсіздік үйінде (Casa de la Libertad) өтті.
Салтанатқа Оңтүстік Америка елдерінің көшбасшылары мен өкілдері, Кариб аймағы, Солтүстік Америка, Еуропалық Одақ, Азия және Африка елдерінен келген жоғары деңгейдегі делегациялар, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басшылары, сондай-ақ Боливияда тіркелген дипломатиялық миссиялардың жетекшілері қатысты.
Бұған дейін Боливия Президенті Луис Альберто Арсе Мемлекет басшысының атына Боливияның 200 жылдық тәуелсіздігіне орай ресми салтанатына қатысуға жеке шақыру жолдаған болатын. Аталған салтанатты іс-шаралар елде 2025 жылғы 17 тамызға белгіленген президенттік сайлауға дайындық аясында өтті. Боливияның тәуелсіздігінің 200 жылдығына арналған кең көлемді мерекелеу осы елдің халықаралық байланыстарын нығайтудың маңызды құрамдас бөлігіне айналып, шет мемлекеттермен ашық диалог пен ынтымақтастыққа дайын екендігін көрсетіп отыр.