Боливиямен екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Боливиямен екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Сукре, 2025 жылғы 5 тамыз – Боливияның тәуелсіздігінің 200 жылдығына арналған салтанатты отырысқа қатысу мақсатында Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіповтың Боливияға жұмыс сапары аясында Боливия Сыртқы істер министрлігінің Саяси істер жөніндегі директоры Елші Майра Монтеромен кездесу өтті.

Қазақстан Елшісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Боливия Президенті Луис Альберто Арсеге ел тәуелсіздігінің 200 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатын тапсырып, Боливия басшылығына игі тілектерін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан мен Боливия арасындағы жан-жақты қатынастарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Саяси диалогты кеңейту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда екі ел арасындағы алғашқы саяси консультациялардың мерзімі мен мазмұны бойынша пікір алмасу өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екі елдің дипломатиялық өкілдіктері деңгейінде жұмыс байланыстарын қолдап отыруға және екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында саяси консультациялар тетігін таяу уақытта іске қосуға мүдделілік білдірді.