Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 6 шілде – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің Бразилияға жасаған жұмыс сапары аясында «Бразилия – Қазақстан: ынтымақтастықтың келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Бразилияның экономикалық бірлестіктері мен «WEG», «Embraer», «Tramontina», «Vale», «Marcopolo», «Amazul» тәрізді ірі бразилиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Кездесудің ашылуында Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Б.Нүсіпов, Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының (CNI) вице-президенті және Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы
Ж.Петри, Бразилия Муниципалитеттерінің Ұлттық конфедерациясының президенті П.Зилковски, Санта-Катарина штатының вице-губернаторы М.Бойм, Климат институтының кеңесінің төрағасы, Bohlen & Halbach Brazil президенті және VON BOHLEN HALBACH SFO UAE негізін қалаушы Петер фон Болен-Хальбах, сондай-ақ «Invest Rio» компаниясының президенті С.Леви құттықтау сөздерін сөйледі.
«Қазақстан-Бразилия» Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Касиано Перейра Виана мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының Америка елдері бойынша ресми өкілі М.Бiрiмжан Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен шетелдік инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндамалар және таныстырылымдар жасап, Бразилиямен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттарымен таныстырды. «WEG» компаниясының корпоративтік директоры А.Паула өз баяндамасында компанияның Қазақстандағы инвестициялық жобаларын кеңейту жоспарын ұсынды.
Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі қатысушыларды елдегі қазіргі саяси және экономикалық даму үрдістерімен, институционалдық реформалармен таныстырды. Ол Қазақстан экономикасының бразилиялық инвестицияларға ашықтығына, сауданы кеңейтуге, бірлескен кәсіпорындар құруға және бразилиялық тауарлардың көршілес нарықтарға шығуы үшін еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалануға баса назар аударды. Қазақстан тарапы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға шақырды.
Дөңгелек үстел аясында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды: Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысы мен Бразилия Федеративтік Республикасының Санта-Катарина штаты арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Машина жасаушылары одағы мен Бразилияның Өндірістік даму агенттігі (ABDI) арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум; «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ мен «VON BOHLEN HALBACH SFO FZ-LLC» компаниясы арасындағы инвестиция тарту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.