Бразилиядағы дипломатиялық корпустың қайырымдылық жұмысы бағаланды

Бразилиядағы дипломатиялық корпустың қайырымдылық жұмысы бағаланды

2025 жылғы 27 маусым, Бразилиа – Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінде «Bacuri de Ouro» ақпараттық агентігінің Бразилияда аккредиттелген дипломатиялық миссиялар басшыларының жұбайлары қауымдастығының (GCCM) Президенті, Қазақстанның Бразилиядағы Елшісінің жұбайы Гүлназия Нүсіповаға «Әлемді жақсарту» санатындағы «Bacuri de Ouro» сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.

«Bacuri Brasil» бас редакторы Клаудия Годой, елдегі дипломатиялық қоғамдастықты нығайтуға, мәдени байланыстарды тереңдетуге, қайырымдылық пен әлеуметтік бастамаларға, соның ішінде Бразилияда дипломатиялық корпустың қатысуымен өтетін GCCM-нің жыл сайынғы жәрмеңкелерін ұйымдастыруға белсенді атсалысқан елшілер жұбайларының еңбегін қоғам тарапынан мойындау ретінде бұл атақты тағайындаған.

Осы тұрғыда бразилиялық БАҚ GCCM басшысы мен оның командасының белсенді қызметін ерекше атап өтті. Аталған дипломатиялық клуб құрамына шет мемлекеттердің елшіліктері мен ұйымдарының 72 өкілі кіреді.

Анықтамалық: «Bacuri de Ouro» – бұл Бразилияның ақпарат агенттігі тағайындайтын сыйлық және Бразилия құндылықтары мен мәдениетін ілгерілетуге, әлеуметтік жобаларға, халықаралық даму мен қоғамдық қызметке үлес қосқан қоғам қайраткерлеріне, шетелдік елшілерге, журналистерге, сондай-ақ саяси және іскер орта өкілдеріне табысталады.