Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігі БРИКС Парламенттік форумына қатысты

Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігі БРИКС Парламенттік форумына қатысты

Бразилиа, 2025 жылғы 5 маусым – Бразилия астанасында Бразилия Ұлттық конгресінің Федералдық Сенаты мен Депутаттар палатасы ұйымдастырған БРИКС елдері мен серіктестерінің XI Парламенттік форумы аяқталды. Форумның ресми жабылу салтанатына Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Болат Нүсіпов қатысты.

Екі күнге жалғасқан форум, БРИКС-ке төрағалық ететін Бразилияның басым бағыттарына арналған алты панельдік сессияны қамтыды. Атап айтқанда, жаһандық денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржылық байланыстарды нығайту, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, жасанды интеллектті басқарудың халықаралық әдіс-тәсілдерін қалыптастыру, жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілік архитектурасы, сондай-ақ БРИКС аясындағы көпжақты тетіктердің тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық даму мәселелері қаралды.

Ресми отырыстар қарсаңында екі тақырыптық іс-шара өтті: БРИКС әйел депутаттарының кездесуі мен қатысушы елдердің парламенттерінің халықаралық істер комитеттері төрағаларының кездесуі. Әйел депутаттардың кездесуінде әйелдердің саяси үдерістерге қатысуын кеңейту және климаттың өзгеруі, цифрлық экономика, БРИКС-тің болашақ күн тәртібі тәрізді маңызды бағыттар бойынша шешімдер қабылдаудағы рөлін күшейту мәселелері талқыланды. Комитет төрағаларының кездесуінде парламенттік дипломатияны көпжақты ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды құралы ретінде дамытуға ерекше назар аударылды.

Форум қорытындысы бойынша Қорытынды құжат қабылданып, ол, 2025 жылғы 6–7 шілдеде Рио-де-Жанейро қаласында өтетін БРИКС көшбасшыларының Саммитінде ұсынылады.