Эквадормен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Эквадормен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Бразилиа, 2025 жылғы 5 маусым – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилиядағы Эквадор Елшісі Карлос Веластегимен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстан Елшісі эквадорлық әріптесін Президент Даниэль Нобоаның қайта сайлануымен құттықтап, оның инаугурациясына шақырғаны үшін алғысын білдірді. Келіссөздер күн тәртібінде екі елдің сыртқы істер ведомстволары арасында биыл Кито қаласында өткізілуі жоспарланған саяси консультациялардың бірінші раундының ұйымдастырушылық және мазмұндық аспектілері де болды.

Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі Эквадордағы алғашқы Құрметті консул – мырза Леопольдо Окампоға консулдық патенттің берілгенін хабарлап, бұл мәселе бойынша көрсетілген қолдауы үшін әңгімелесушіге алғыс білдірді. Осыған байланысты тараптар биыл Кито қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығын ресми ашу мүмкіндігін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдегі дипломатиялық өкілдіктерді ресми аккредиттеу бойынша жұмысты жалғастыруға және тұрақты жұмыс байланысын қолдауға уағдаласты.