Қазақстан Елшісінің словакиялық «Су шаруашылық құрылыс» компаниясының басшылығымен кездесуі туралы

Қазақстан Елшісінің словакиялық «Су шаруашылық құрылыс» компаниясының басшылығымен кездесуі туралы

Братислава, 2024 жылғы 26 сәуір Қазақстан Республикасының Елшісі Төлежан Барлыбаев Словакияның «Су шаруашылық құрылыс»  (VVB) деген  жетекші мемлекеттік компаниясына барып, бас директоры Петер Молдамен кездесті.

Келіссөздер барысында Т.Барлыбаев компания басшылығын Қазақстандағы су тасқыны жағдайы және жойқын табиғи апаттың салдарын жою шараларымен таныстырды. Дипломат су шаруашылық құрылыстарын салу, гидротехникалық қадағалау және су құрылыстарының қауіпсіздігін көздеу, сондай-ақ қазақстандық гидротехникалық мамандарды оқыту саласындағы тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Бас директор Петер Молда негізі 1953 жылы қаланған VVB компаниясы бүкіл Словакияның 350-ден астам су шаруашылық, гидроэнергетикалық және инженерлік құрылымдарын біріктіретінін, су ресурстарын басқару саласында табысты қызмет атқаратынын, сондай-ақ су құрылыстарының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын бақылайтынын айтты. Компания жұмысының маңызды бағыты Дунай өзеніне және басқа да өзендерге іргелес аумақтарды су тасқынынан қорғап, гидротехникалық құрылыстарды, су қоймалары, бөгеттерді және ауыл шаруашылығы алқаптарын суару жүйелерін жобалау және салу және экологиялық балансты  сақтау шаралары болып табылады.

Словакиялық компания басшылығы Қазақстанның гидравликалық, мониторингтік және тасқынға қарсы жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ су ресурстары саласында жоғары білікті мамандарды даярлауға көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. Тараптар арасында бұрын қол қойылған су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Словакия ведомствоаралық меморандумы аясында ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ 18-25 мамырға  жоспарланған Индонезиядағы X Дүниежүзілік су форумы аясында екіжақты байланыстарды ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.