Братиславада Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша брифинг өтті

Братиславада Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша брифинг өтті

Братислава, 2024 жылғы 8 ақпан – Қазақстанның Словакиядағы Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша брифинг өтті. Брифингке Ғылым академиясының Шығыстану институтының, Словакиялық халықаралық қатынастар қоғамының, Экономика университетінің халықаралық қатынастар факультетінің, ASA аналитикалық институтының сарапшылары, сондай-ақ бірқатар словакиялық БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев брифингке қатысушыларды Мемлекет басшысы ҚР Үкіметінің жаңа құрамы алдына қойған мақсаттар мен міндеттер туралы хабардар етті. Басты мақсат ерекше атап өтілді – қазақстандықтардың нақты табыстарының қарқынды өсімін қамти отырып, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемін бес жылда 450 миллиард долларға дейін ұлғайту. Оған қол жеткізуге экономиканы ырықтандыру, бюджет және салық саясатын жетілдіру, инвестицияларды тартудың біртұтас жүйесін қалыптастыру, индустриялық саясатқа жаңа тәсілдерді енгізу және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік-логистикалық әлеуетті нығайту, сондай-ақ экономиканы цифрландыру жөніндегі кешенді шаралар ықпал ететін болады.

Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсуін және оның жетекші салаларына инвестицияның ұлғаюын қамтамасыз ететіні, бұл шет елдермен іскерлік ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді. Дипломат словакиялық серіктестерді қазақстандық нарыққа, атап айтқанда, ағымдағы жылдың сәуір айында Астанада жоспарланған Қазақстан-Словакия үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысына және бизнес-форумға қатысу арқылы белсендірек шығуға шақырды.

Брифингке қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғаш рет 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында бастамашылық еткен және Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақтыланған Қазақстанның экономикалық өсуінің жаңа моделіне айтарлықтай қызығушылық танытты.

Словакиялық халықаралық қатынастар қоғамының Бас хатшысы Ян Кутан Қазақстан басшылығының экономиканың берік іргетасын құруға және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін дамытуға бағытталған жүйелі көзқарасын жоғары бағалады. Оның бағалауынша, Қазақстан Президенті алға қойған міндеттерді іске асыру геосаяси шиеленіс пен жаһандық саясаттағы протекционизм жағдайында қазақстандық экономиканың өсу әлеуетін нығайтуды және оның жаһандық тәуекелдерге төзімділігін арттыруды қамтамасыз етеді.

Саясаттану ғылымының профессоры, Словакияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петер Юза Қазақстан басшылығының жаңа экономикалық бағдары мен оның теңгерімді сыртқы саясаты экономиканы өсу үшін жеткілікті инвестициямен қамтамасыз етеді деген пікірін білдірді. Ол словак тарапының Қазақстанмен энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану тәжірибесімен алмасуға мүдделі екенін атап өтті.

Экономика университетінің халықаралық қатынастар факультетінің ХЭҚ кафедрасының доценті, Орталық Азия жөніндегі сарапшы Андрианна Балеха Қазақстанның әлеуметтік бағдарланған саясатқа және қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру мақсатына негізделген жаңа экономикалық модельге көшуінің маңыздылығын атап өтті.

Словакия Ғылым академиясының Шығыстану институты директорының орынбасары Габриэль Пирицкий экономиканы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстанның индустриялық дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Ол Қазақстанның аймақтағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтіп, әртүрлі салаларда бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға қызығушылық танытты.

Соңында брифингке қатысушылар Қазақстанның жаңа Үкіметіне Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда табыс тіледі.