Қазақстан Елшісі Словакияның Фашизмге қарсы күрескерлер одағында болды

Қазақстан Елшісі Словакияның Фашизмге қарсы күрескерлер одағында болды

БРАТИСЛАВА, 2023 жылғы 30 қаңтар – ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев Словакияның Фашизмге қарсы күрескерлер одағының төрағасы Павол Сечкармен және белсенділерімен кездесті, сонымен қатар словак халқының фашизмге қарсы күресі мұражайында болды.

Әңгімелесу барысында дипломат Қазақстанның Еуропаны фашизмнен азат ету жолындағы күреске қосқан үлесі туралы айтып, қазақстандық жауынгерлердің Чехословакия аумағындағы шайқастардағы, сондай-ақ 1944 жылғы Словакияның ұлттық көтерілісіне қатысқан партизандық қозғалыстағы ерліктерін атап өтті. Әскери бейіттерді іздестіру, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза болғандар мен хабарсыз кеткендердің есімдерін анықтау және оларды мәңгі есте қалдыру жөніндегі бірлескен жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.

Ағымдағы жылы Братислава және Банска-Быстрица қалаларында көрмелер, экспозициялар және дөңгелек үстелдер өткізу, словакиялық БАҚ-та мақалалар топтамасын жариялау, Қазақстанның фашизмді жеңуге қосқан үлесі туралы материалдарды мұражайға табыс ету, сондай-ақ шайқастарда қаза тапқан қазақстандықтарға ескерткіш орнату мүмкіндігі туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Елші одақ басшылығына фашизмге қарсы күресті халықтың жадында сақтаудағы белсенді қоғамдық қызметі үшін алғысын білдірді.