Қазақстан мен Словакия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толды

Қазақстан мен Словакия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толды

Астана, 2023 жылғы 13 қаңтар – 1 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды.

Осы атаулы күнге орай ҚР Сыртқы істер министрлігінде Министрдің орынбасары Роман Василенконың Словакияның Қазақстандағы Елшісі Роберт Кирнагпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Р. Василенко Словак Республикасының құрылу күніне орай Президент Қ. Тоқаевтың, Парламент палаталарының басшылары М. Әшімбаевтың және Е. Қошановтың, Премьер-Министр Ә. Смайыловтың құттықтау хаттарын словак дипломатына тапсырды.

Тараптар дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Мұхтар Тілеуберді мен Растислав Качердің құттықтау хаттарымен алмасты. М. Тілеуберді өзінің құттықтауында осы тәуелсіздік жылдары ішінде Словакияның мемлекеттілігін және қоғамдық бірлікті дамытудағы жетістіктері туралы айтты. Министр «Қазақстан мен Словакия арасындағы қалыптасқан достық қарым-қатынастар әрі қарай тереңдей түсіп, халықтарымыздың игілігі үшін өзара ынтымақтастық рухында дами беретіндігіне сенімдімін», – деп атап өтті.

Өз кезегінде Р. Качер «екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуының 30 жылы өзара табысты ынтымақтастыққа тараптардың мүдделілігін айғақтайды. Барлық деңгейлерде тұрақты саяси диалог пен делегациялардың сапарлары жүзеге асырылады, ал ынтымақтастық берік құқықтық тұғырға негізделген», – деп атап өтті.

Соңғы жылдары Қазақстан-Словакия ынтымақтастығы белсенді дамыды. Екі елдің парламенттерінде достық пен ынтымақтастықтың депутаттық топтары құрылды, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмыс істеуде. Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары белгіленді – энергетика, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, IT мен коммуникация, ауыл шаруашылығы, ғылым және технология.

2022 жылдың 11 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 92,4 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға өсті. Қазақстанда Словакияның қатысуымен 30-дан астам компания табысты жұмыс істеуде (олардың арасында «Colloseo EAS» инжиниринг компаниясы, «Oftum» көруді лазерлік түзету орталығы, «ELTECO» резервтік электрмен жабдықтау саласындағы компаниясы, «KANTO METAL» және «CSBC» қорғаныс өнеркәсібіне арналған химиялық барлау машиналарын әзірлеу және сату саласындағы компаниялары, «CME.Slovakia» емдеу-диагностикалық жеткізу саласындағы компаниясы, «Ish Pumps Olomouc» электр станцияларына арналған сорғылар мен арматураларды жеткізушісі, «PROGAST» ет өңдеу өнеркәсібін кешенді қамтамасыз ету саласындағы компаниясы және т.б).

Астана Словакия Республикасының Вышеград төрттігі және дипломатияның басқа да маңызды тетіктері аясында халықаралық қауіпсіздік пен аймақтық тұрақтылықты қолдауға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалайды.

Братислава Қазақстан Республикасының ядролық қарусыздану және таратпау ісіне, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ мәдениетаралық және конфессияаралық диалогты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды.

Сұхбаттастар Қазақстан мен Словакия екі мемлекет халықтарының игілігі үшін екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты нығайтуға және дамытуға ниетті екендіктерін атап өтті.