ВАГТАҒЫ ДУБНИЦА, 2020 ж. 26 ақпан – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Роман Василенко өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты дамыту мақсатында елдің солтүстік-батыс бөлігіндегі Тренчин өңіріне барып қайтты.
Вагтағы Дубница қаласында елші өңірдегі ірі қала құраушы әскери-өнеркәсіптік және машина жасаушы компаниялардың, олардың ішінде DMD Group (қорғаныс өнеркәсібі, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар, гаубицалар, басқа артиллериялық қару-жарақ өндірісі мен жөндеу) және оның құрамына кіретін Konstrukta-Defence пен ZTS Special, сондай-ақ көп салалы трансұлттық Matador Holding холдингінің басшылығымен кездесті.
Жанасу нүктелерінің көптігін ескере отырып, словак кәсіпкерлері қазақстандық әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға нақты қызығушылық танытты. Кездесулерде осы айрықша саладағы бай дәтстүрлерімен танымал словак компанияларының ү.ж. 28-31 мамырда Нұр-Сұлтанда өтетін KADEX 2020 6-шы қару-жарақ көрмесіне белсенді қатысуының маңыздылығы туралы да айтылды.
Вагтағы Дубницаға сапар аясында қазақстандық делегацияның қала мэры Петер Вольфпен де кездесуі өтті. Елші сұхбаттасушысын Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған стратегиялық бағдарламалар тұрғысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың одан арғы экономикалық және саяси-қоғамдық реформалары курсы, экономикалық дамудағы жағымды үрдістер, сондай-ақ үкіметтің елдегі инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі шаралары туралы ақпараттандырды.
Тренчин өңірі экономикаға едәуір шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін бірқатар артықшылықтарға ие: отын-энергетикалық база, ұлттық экономика үшін маңызы зор қоңыр көмір шығару, жоғары білімді халық, өнеркәсіп басымдық ететін әртараптандырылған өндірістік база, сондай-ақ қолайлы географиялық орналасу – Словакияны ЕО елдерімен байланыстыратын автомагистралға қолжетімділік.
Тренчин өңіріне сапар Словакия Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.