«Heneken» металлургия компаниясымен ынтымақтастықтың болашағы

«Heneken» металлургия компаниясымен ынтымақтастықтың болашағы

Спишске-Влахи, 2020 жылғы 11 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Словакиядағы Елшісі Роман Василенко екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Словакияның шығыс аймағындағы Спишске-Влахи қаласында орналасқан «Heneken s.r.o.» компаниясының өндіріс орындарын аралады.

«Heneken» − алюминий, магний, мырыш, қорғасын және т.б. түсті металдарды өңдейтін Словакиядағы ең ірі компания. 2007 жылдан бері сауда компаниясы ретінде жұмыс істеп келе жатқан және 2017 жылы өндіріс саласын қамти бастаған компания жыл сайын шамамен 7000 тонна түрлі металдар шығарады. Компания өз қаражатының едәуір бөлігін өндірісті жаңғыртуға жұмсайды. Өндіріс көлемін ескере отырып, компанияда тек 150 қызметкер жұмыс істейді, яғни өндіріс толығымен цифрландырылған және алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған.

Қазіргі таңда компания – таза алюминийді, алғашқы алюминий қорытпаларын, екінші алюминий қорытпаларын, магний қорытпаларын және авиациялық өнімдерді қайта өңдеуге және өндіруге мамандандырылған. Сонымен қатар, жақында компания Жиар-над-Гроном қаласында жоғары вольтты электр желілері үшін сымдар шығаратын зауытты сатып алып, үшінші өндірістік актив ретінде қосылды.

«Heneken» өнімдері Нидерланды, Бельгия, Ресей, Чехия, Мажарстан, Румыния, Болгария, Сербия және Хорватияға экспортталады.

Компания қазақстандық нарықпен жақсы таныс және аталған тәжірибені жалғастыруға әрі дамытуға ниеті бар.

ҚР Елшісінің Басқарма төрағасы Михал Гудобамен және компанияның басқа да басшыларымен кездесуінде шикізат сатып алу және электр желілері үшін сым түріндегі өнімді сату тұрғысынан да, біздің елдегі мүдделі құрылымдармен инвестициялық ынтымақтастық тұрғысынан да Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.

         Ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға, оның ішінде мүдделі қазақстандық мамандармен өндірісті жаңғырту және автоматтандыру бойынша тәжірибе алмасу туралы келісімге қол жеткізілді.

Аталған кәсіпорынға сапар Словак экспортерлар кеңесінің және кездесуге қатысқан төрағасы Лукаш Паризек пен Словакияның Сыртқы және Еуропалық істер министрлігі - біздің өңірмен ынтымақтастыққа жауапты экономикалық дипломатия департаментінің директоры Виктор Борецкидің қолдауымен өтті.