Қазақстан мен Словакия арасында су ресурстары саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Қазақстан мен Словакия арасында  су ресурстары саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Жалпы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтың болашағы белгіленді

БРАТИСЛАВА, 2020 жылғы 10 желтоқсан – Бүгін Братислава қаласында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Словакияның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы «су ресурстары саласындағы өзара түсіністік бойынша ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қою рәсімі салтанатты түрде өтті. Қазақстандық тараптан құжатқа (алдын-ала) Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, словак тарапынан – Қоршаған ортаны қорғау министрі Ян Будай қол қойды. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде өткен осы қол қою рәсіміне Қазақстанның Братиславадағы Елшісі Роман Василенко қатысты.

Аталған келісім жасасу − Қазақстан мен Словакия арасындағы суды зерттеу саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға, трансшекаралық суларға бірлескен мониторинг жүргізуге, өзара іс-қимыл және су ресурстарына қатысты мәселелер бойынша ведомствоаралық, екіжақты және көпжақты ынтымақтастық бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Меморандум шеңберіндегі перспективалық ынтымақтастық іс-шаралар бірлескен жобалар, ақпарат алмасу және зерттеу жұмыстары түрінде жүзеге асырылатын болады.

Бұрын Словакияда, ал қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда орналасқан Халықаралық суды бағалау орталығының (ХСБО) қызметін қолдаудағы Словак Республикасының табысты тәжірибесі аясында, сондай-ақ Қазақстанның трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы Конвенциясының бюросына төрағалық етуіне байланысты (Су конвенциясы), аталған меморандум екі тарапқа да ерекше маңызды. Алдыңғы қатарлы еуропалық тәжірибені, су ресурстарын басқару мен қорғаудағы ғылыми-техникалық инновацияларды, жер үсті суларының саны мен сапасын, оның ішінде климаттың өзгеруі жағдайында, сондай-ақ, су ресурстарымен байланысты басқа да салаларды бақылау бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз ету − қызығушылық туғызады.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін, Словак министрімен кездесуі барысында Қазақстан Елшісі: «елдеріміз арасындағы экология саласындағы ынтымақтастық әлеуеті өте ауқымды және бұл тек су ресурстарын басқару саласында ғана емес», − деп атап өтті. Р. Василенко сұхбаттасушыға Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғаудың жай-күйі, бұрынғы Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың мұрасын еңсеру және Арал теңізінің құрғауы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және ел үкіметінің қоршаған ортаны қорғауды күшейту және энергия үнемдейтін «жауапты экономиканы» дамыту саласындағы күш-жігері туралы хабардар етті. Жаңа Экологиялық кодекстің әзірленген жобасы мен «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару саласындағы тенденциялар және бес мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдардың жағдайы туралы айтылды. Осыған байланысты, Словакияның көршілес елдермен, ең алдымен Дунай өзеніне қатысты трансшекаралық ынтымақтастық саласындағы тәжірибесі және жоғарыда айтылған су конвенциясын жүзеге асыру Қазақстан үшін өте маңызды.

Өз кезегінде, Я. Будай сұхбат барысында естіген ақпаратты жылы қабылдап, қол қойылған меморандумды құптай отырып, өз ведомствасының қазақстандық әріптестермен өзара тиімді және өзара қызықты ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға деген қызығушылығын растады.

Серіктестік пен өзара түсіністік күйде өткен кездесудің қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар жақын арадағы ынтымақтастықты нығайтудың нақты қадамдарын белгіледі.