
2026 жылғы 8 қазан, Аваза, Түрікменстан – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ консультативтік кездесуіне қатысты. Орталық Азия елдері мен Әзербайжан тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейтойлық саммит Қазақстанның мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша бірқатар стратегиялық бастамаларын ұсынуға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде өңірлік өзара іс-қимылдың басым міндеттерін атап өтті:
- Сауда-экономикалық әріптестік: өңірішілік тауар айналымын 20 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдау және шекара маңындағы сауда-логистикалық кешендерді интеграциялау жұмыстарын жеделдету ұсынылды. Бұл өңірлік қосылған құн тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
- Көлік инфрақұрылымы: өңірдің көлік байланысын нығайтуға, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) және «Солтүстік – Оңтүстік» магистралін дамытуға, сондай-ақ Қытайды Каспий теңізі және Еуропа нарықтарымен байланыстыратын «Арал – Каспий» автомобиль магистралін іске асыруға баса назар аударылды.
- Су ресурстарын басқару: Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдау және Қазақстанның БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын бірлесіп ілгерілету ұсынылды.
- Цифрландыру және жасанды интеллект: Орталық Азияның жасанды интеллект саласындағы әріптестік бағдарламасын іске қосу және Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның жасанды интеллектіні жауапты пайдалану туралы декларациясын әзірлеу ұсынылды.
- Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту: қазақстандық Silk Way телеарнасының негізінде бірыңғай өңірлік телеарна құру, сондай-ақ 2027 жылы Жастар волонтерлер форумын өткізу ұсынылды.
Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуі нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды.