
2026 жылғы 1 қазанда Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында жыл сайынғы халықаралық технологиялық AI & Digital Bridge 2026 форумының ресми ашылу рәсімі өтті. 1-3 қазан аралығында өтіп жатқан ауқымды іс-шараға әлемдік технологиялық бизнес өкілдері, инвесторлар, ғалымдар, стартап қауымдастықтары және түрлі елдердің мемлекеттік органдары мен институттарының басшылары қатысуда.
Биыл форум Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан AI Month жаһандық бастамасының (23 қыркүйек – 23 қазан) негізгі іс-шарасына айналып отыр. Форумның жаңартылған форматы Қазақстанның технологиялық күн тәртібінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект жүйелерін дамытумен қатар, биылғы бағдарламада есептеу инфрақұрылымын дамыту, робототехника, киберқауіпсіздік, қаржылық технологиялар және білікті кадрлар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Жеті жыл ішінде AI & Digital Bridge форумы инновациялық диалог жүргізуге арналған Еуразиядағы негізгі алаңдардың біріне айналды. Форум өткен жылдар ішінде 100 мемлекеттен келген 127 мыңнан астам делегатты қабылдады. Іс-шараларда 1 500-ден астам сарапшы спикер ретінде сөз сөйлеп, 600-ден астам стартап өз жобаларын таныстырды. Ал 2026 жылғы форумның іскерлік бағдарламасына 400-ден астам халықаралық спикер, 500-ден астам инвестор және 100 жетекші технологиялық корпорация қатысты.
Форум қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумның жоғары беделіне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, форум инновациялық идеяларды қалыптастыруға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және нақты жобаларды іске қосуға мүмкіндік беретін тиімді құралға айналды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның цифрлық трансформациясы бағытындағы негізгі жетістіктер мен стратегиялық басымдықтарды атап өтті:
Форум аясында ұйымдастырылған мамандандырылған көрмеде Мемлекет басшысына жасанды интеллект пен робототехника саласындағы озық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында AI-Enabled University моделі, Trusted Kazakhstan және ALFA жобалары, ұлттық Aitu мессенджерінің жаңартылған функционалы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен Higgsfield.ai компаниясының зияткерлік әзірлемелері, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» («ЦОДтар алқабы») жобасын дамыту жоспары бар.
Қазақстан Президенті әлемдік технологиялық компаниялардың басшыларымен бірқатар келіссөздер өткізді:
2026 жылғы 2 қазанда Астанада Қазақстан Президентінің төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – еліміздің өнеркәсіп секторын терең цифрлық трансформациялау болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі бастамалары:
Президент АҚШ Президенті Дональд Трамп пен технологиялық индустрия көшбасшылары қол қойған жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі жуырдағы келісімді құптай отырып, осы «Вашингтон моделін» БҰҰ қамқорлығымен жасалатын жан-жақты халықаралық шартты әзірлеуге негіз ретінде пайдалануды ұсынды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның осы саладағы сындарлы жаһандық диалог үшін платформа болуға дайын екенін мәлімдеді. Қазақстанның бұл мәселе бойынша ортақ ұстанымы 2026 жылғы желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады.
Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Іс-шара әлемдік креативті индустрия өкілдерінің арасында бұрын-соңды болмаған қызығушылық туғызды: ұйымдастырушыларға 125 елден 8 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Байқауға АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия, Франция және басқа да мемлекеттердің авторлары өнер мен технология тоғысындағы инновациялық жобаларын ұсынды. Байқауға қатысушылардың жұмыстарын кино, цифрлық өнер және жасанды интеллект салаларындағы әлемнің жетекші сарапшыларынан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды.
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы өз жұмысын 2026 жылғы 3 қазанда қорытындылайды. Форумның соңғы күнінде қатысушыларды ауқымды технологиялық Astana Hub Battle байқауы, стартаптар аллеясының көрмесі және салалық панельдік сессиялар күтеді.