Қазақстан мен Словакия өңіраралық ынтымақтастығы жаңа мүмкіндерге жол ашуда

Қазақстан мен Словакия өңіраралық ынтымақтастығы жаңа мүмкіндерге жол ашуда

23-24 маусым күндері Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов бастаған Қарағанды облысының делегациясы Словак Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Сапардың басты мақсаты – Қарағанды облысы мен Банска-Быстрица өзін-өзі басқаратын өлкесі арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ экономика, инвестиция, технологиялар трансфері және инновациялар салаларындағы серіктестікті нығайту болды.

Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары Банска-Быстрица өзін-өзі басқаратын өлкесінің төрағасы Ондрей Люнтермен және Словак Республикасы Президенті Кеңсесінің өңірлік бөлімшесінің басшысы Михал Фричпен кездесті. Кездесулер барысында тараптар өнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім беру, жастар алмасуы және туризм салаларындағы әріптестікті қамтитын өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков Матей Бел университетінде, Зволен техникалық университетінде және Словакия мемлекеттік ғылыми кітапханасында болып, ғылыми-зерттеу бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейту, сондай-ақ халықаралық білім беру және мәдени бағдарламаларға бірлесіп қатысу мүмкіндіктерін талқылады.

Сапар аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі – Қарағанды облысы мен Банска-Быстрица өлкесінің іскер топтарының қатысуымен өткен Қазақстан –Словакия бизнес-форумы болды. Форумда О.Люнтер, М.Фрич және Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова сөз сөйледі.

Олар өз сөздерінде Қарағанды облысы мен Банска-Быстрица өлкесі арасындағы өңіраралық әріптестікті дамытудың маңызын атап өтіп, екі өңір экономикасының өзара толықтырушы сипаты мен салалық ынтымақтастықты кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін айтты.

Форум барысында екі өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Іс-шара аясында B2B және B2G форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, олардың барысында Қазақстан мен Словакияның 30-дан астам компаниясының басшылары екіжақты кооперацияны дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру, технологиялар алмасу және жаңа нарықтарға шығу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.

Сапар қорытындысы бойынша өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған үш құжатқа қол қойылды.

Қарағанды облысы мен Банска-Быстрица өзін-өзі басқаратын өлкесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға негіз қалады.

Сондай-ақ Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Банска-Быстрица өлкесінің Кәсіпкерлер палатасы іскерлік белсенділікті қолдау және екі өңірдің кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды кеңейту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен Матей Бела университеті арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім академиялық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Сапардың екінші күні делегация Банска-Быстрица өлкесінің бірқатар жетекші кәсіпорындарында болып, Словакияда өнеркәсіп, көлік және энергетика салаларында қолданылатын заманауи технологиялармен және инновациялық шешімдермен танысты.

Аталған сапар Қазақстан мен Словакия арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген мемлекетаралық қатынастарды одан әрі нығайтуға және өңіраралық байланыстарды кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.