
Зволен қаласына жұмыс сапарымен барған Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова қала мэрі Владимир Манькамен және Техникалық университеттің ректоры Рудольф Кропилмен кездесулер өткізді.
Қала әкімдігінде өткен кездесуде Қазақстан мен Словакия арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Елші Қарағанды облысы делегациясының Банска-Быстрица өзін-өзі басқару өлкесіне жоспарланған сапары туралы хабардар етті. Аталған сапар өңіраралық байланыстарды нығайтуға және екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға серпін береді деп күтілуде.
Кездесу барысында Қазақстан қалалары мен Зволен қаласы арасындағы тікелей байланыстарды дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Зволен қаласының Еуропадағы бірқатар серіктес қалалармен белсенді ынтымақтастық орнатқаны атап өтіліп, қазақстандық қалалардың бірімен бауырластық байланыс орнату екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға, жаңа іскерлік байланыстарды жолға қоюға және сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететіні айтылды.
Техникалық университеттің ректорымен өткен кездесуде академиялық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, университет пен орман және аңшылық шаруашылығы, сондай-ақ табиғатты пайдалану бағыттары бойынша мамандар даярлайтын қазақстандық жоғары оқу орындары арасында әріптестік байланыстар орнату мүмкіндіктері қарастырылды.
Словакия тарапы қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюға қызығушылық білдіріп, мұндай құжаттар бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға, сондай-ақ табиғи ресурстарды орнықты басқару саласындағы озық тәжірибе алмасуға берік негіз қалай алатынын атап өтті.
Елші ректорды Қазақстанда білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан реформалармен таныстырып, олардың мамандар даярлау сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулерді дамытуға, халықаралық академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік білім беру кеңістігіне одан әрі ықпалдасуына бағытталғанын жеткізді.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар өңіраралық және академиялық деңгейлердегі байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растады.
Анықтама: Зволендегі Техникалық университет Словакияның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Университет орман шаруашылығы, ағаш өңдеу, экология ғылымдары, табиғи ресурстарды басқару және орнықты даму салалары бойынша мамандар даярлауға маманданған. Инженерлік білім беруді табиғи ортада жүргізілетін қолданбалы ғылыми зерттеулермен ұштастыра отырып, аталған жоғары оқу орны Словакияда ғана емес, Орталық Еуропа кеңістігінде де өзіндік орны бар білім және ғылым орталығы ретінде танылған.