Қазақстан мектептегі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуде

Қазақстан мектептегі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуде

Қазақстан цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын дамыту бағытын дәйекті түрде нығайтып келеді. Бүгінде жасанды интеллект тек болашақтың технологиясы ғана емес, сонымен қатар білім беру сапасын арттырудың, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлаудың және заманауи білім экономикасын қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылуда. Елімізде озық технологияларды білім беру саласына енгізуге ерекше мән беріліп отыр.

Осы бағыттағы кезекті қадам ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Құжатты қабылдаудың негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологияларының қарқынды енгізілуі жағдайында Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің адами капиталының негізгі элементі ретінде заманауи әрі инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыру.

2026 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Үкіметі 2026-2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарын бекітеді. Құжатта дербестендірілген оқыту тетіктерін қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жаңа буындағы педагог кадрларды даярлау, сондай-ақ оқушылардың жеке деректерін қорғауды қамтамасыз ету көзделген.

Жасанды интеллект технологияларын енгізу білім беру үдерісінің сапасын арттырып, білім беру жүйесін цифрлық дәуір талаптарына бейімдеуге жол ашады деп күтілуде.

Үкіметке 2026 жылғы 1 маусымға дейін орта білім беру саласындағы пилоттық жобаны іске асыру және одан әрі кеңінен қолдану жөнінде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Жоба аясында мектептерді қажетті техникалық инфрақұрылыммен, соның ішінде жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға ықпал етеді.

2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану стандарттары, сондай-ақ педагогтердің үздіксіз кәсіптік дамуын және жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісінде тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін кешенді шаралар бекітіледі. Сонымен қатар жасанды интеллект мұғалімдердің кәсіптік қызметіне нұқсан келтірмей және оны алмастырмай білім беру процесінде қосымша тиімді құрал ретінде ғана қарастырылады.

Практикалық жұмыста Қазақстан Президентінің жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі және жасанды интеллект саласындағы танымал сарапшы Ли Кай-Фу ұсынған ұсынымдар да енгізілетін болады.