Братиславада Қазақстан мен Словакияның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Братиславада Қазақстан мен Словакияның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Братислава қаласындағы Коменский университеті мен Экономикалық университеттің басшылығымен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында жоғары білім мен ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Коменский университетінің проректоры Е.Виглашовамен өткен кездесуде тараптар академиялық әріптестіктің қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, Қазақстанның жоғары оқу орындарымен тікелей байланыстар орнату мүмкіндіктері қарастырылды. Словакиядағы жетекші оқу орындарының бірі саналатын университет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен серіктестік орнатуға және Қазақстан Республикасында өтетін білім беру көрмелеріне қатысуға қызығушылық танытты.

Братиславадағы Экономикалық университеттің ректоры Ф.Дано оқу орнының құрылымы мен бәсекелік артықшылықтары, сондай-ақ шетелдік студенттерге арналған білім алу шарттары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.

Оның пікірінше, университеттің Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетімен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен және Халықаралық туризм және меймандостық университетімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандумдары академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және халықаралық конференциялар ұйымдастыруға кең мүмкіндік береді. 

Дипломат екі елдің білім беру мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, Словакияда білім алуға ниетті қазақстандық студенттер санының артып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан жастарының словакиялық білім беру жүйесіне деген қызығушылығының өсуі жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстан мен Словакия арасындағы достық пен әріптестік қатынастарды одан әрі тереңдетуге маңызды серпін береді.

Анықтама: СР статистикалық деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта Словакияның жоғары оқу орындарында 628 қазақстандық студент білім алуда.