
Братислава, 2026 жылғы 16 сәуір – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Chery брендінің Словакияда ресми түрде ашылуының салтанатты рәсіміне қатысты. Қазақстандық «Astana Motors» компаниясы аталған брендтің Словакия аумағындағы ресми дистрибьюторы болып айқындалды
«Astana Motors» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов: «Astana Motors» компаниясы үшін Chery брендін Словакия нарығында ұсыну - зор мәртебе. Біз мұны брендті дамыту және клиенттермен жұмыс істеу тәжірибеміздің халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін мойындау деп білеміз», – деп атап өтті.
Словакия нарығына Chery бренді бензинді және гибридті нұсқалардағы Tiggo кроссоверлер желісін ұсынады. Жақын арада Братислава, Банска-Быстрица, Тренчин, Мартин, Дунайска-Стреда, Топольчани және Пухов қалаларында жеті дилерлік орталықтың ашылуы жоспарлануда. Жыл соңына дейін Словакиядағы желіні 12 орталыққа дейін кеңейту көзделіп отыр.
Аталған жоба екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ қазақстандық бизнестің Еуропа нарығына қатысуын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.