Братиславада қаланың азат етілуінің 81-жылдығы атап өтілді

Братиславада қаланың азат етілуінің 81-жылдығы атап өтілді

Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Елшісі Жанна Сағынова Братислава қаласындағы «Славин» әскери-мемориалдық кешенінде өткен, қаланың нацистік оккупациядан азат етілуінің 81 жылдығына арналған салтанатты рәсімге қатысты.

Іс-шараға Словак Республикасының Президенті Петер Пеллегрини, Премьер-министр Роберт Фицо, Ұлттық Кеңес Төрағасы Рихард Раши, сондай-ақ үкімет, парламент, дипломатиялық корпус өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Өз сөздерінде қатысушылар тарихи жадыны сақтау мен азат етушілердің ерлігіне құрмет көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Президент Петер Пеллегрини Братиславаны азат ету үшін өз өмірін қиған жауынгерлерді ұмытпау керектігін айтып, олардың қосқан үлесі еш күмән тудырмайтынын жеткізді.

Премьер-министр Роберт Фицо қаза тапқан жауынгерлерге алғысын білдіріп, олардың көпшілігі өте жас болса да, еркіндік үшін жанын бергенін атап өтті, сондай-ақ бейбітшіліктің ерекше құндылығын және оны сақтаудың қажеттілігін айтты.

Салтанатты рәсімге қатысушылар Словакияны азат ету кезінде қаза тапқан 6800-ден астам кеңес жауынгерінің рухына тағзым етіп, мемориалға гүл шоқтарын қойды.