
Банска-Быстрица, 2026 жылғы 25 наурыз – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Банска-Быстрица қаласына барып, қаланың азат етілуінің 81 жылдығына арналған еске алу іс-шарасына қатысты.
Рәсімге Словак Республикасының Президенті Петер Пеллегрини, Ұлттық Кеңес депутаттары, қала басшылығы мен тұрғындары, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Іс-шара Қызыл Армияның қаза тапқан сарбаздарына арналған монументке гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.
Іссапар аясында Банска-Быстрица өлкесінің Сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы Марина Спировамен кездесу өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен Словакия өңірлері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Елші словакиялық әріптестерге ұлттық іскерлік ұйымдармен тікелей жұмыс байланыстарын орнатуды ұсынды. Ынтымақтастықтың нақты бағыттары ретінде өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою, бірлескен бизнес-форумдар ұйымдастыру,
сондай-ақ іскерлік делегациялармен алмасу атап өтілді. М.Спирова қазақстандық тараптың ұсыныстарын қолдай отырып, өңірлік сауда-өнеркәсіп палаталарының бірімен ынтымақтастық туралы меморандумға бастамашылық жасауға және Қазақстан Республикасынан келетін кәсіпкерлер делегациясын қабылдауға дайын екенін білдірді.
ҚР Елшісі Банош маңындағы орта кәсіптік мектепке барды. Аталған оқу орнында Қазақстан Республикасынан 32 оқушы білім алуда. 70 жылдық тарихы бар бұл бірегей оқу орны ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және ауылдық қызмет көрсету салалары үшін мамандар даярлауға бағытталған. Дипломат қазақстандық оқушылармен кездесіп, оқу үдерісімен және олардың тұрмыс жағдайларымен танысты, сондай-ақ оқу орны басшылығымен алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Матея Бела университетінің ректоры Владимир Хиадловскиймен кездесу барысында қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстар орнату перспективалары қарастырылды. Ректор оқу орнының қызметі мен жетістіктері туралы ақпарат беріп, қазіргі таңда университетте Қазақстан Республикасынан келген 61 студент білім алып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық шеңберінде оқытушылар мен студенттер алмасуы жүзеге асырылатын халықаралық байланыстар жөнінде мәлімет берді. В.Хиадловский Қазақстанға сапар жасап, отандық жоғары оқу орындарының әлеуетімен танысуға және академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Сапар аясында Елшілік қызметкерлері Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Банска-Быстрица шабуыл операциясы барысында (1945 жылғы 10-30 наурыз) қаза тапқан Қызыл Армия жауынгерлерін еске алып, Зволен қаласындағы әскери-мемориалдық зиратқа гүл шоқтарын қойды.
Анықтама: Зволен қаласындағы Орталық әскери-мемориалдық зиратта 320 жеке және 18 бауырластар зиратында Қызыл Армияның 17 280 сарбазы мен офицері жерленген. Аталған зират 1946 жылы ашылып, мемлекет қорғауына алынған мәдени ескерткіш болып табылады.