
Братислава, 2026 жылғы 20 наурыз – Братислава қалалық кітапханасында қазақтың көрнекті жазушысы, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Біздің отбасы» атты шығармасының словак тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткізіліп, автордың туғанына 115 жыл толуына орайластырылды. Аталған мерейтой өткен жылы Қазақстанда кеңінен атап өтілген болатын.
Аталған тұсаукесер словакиялық жұртшылықтың Қазақстанның әдеби мұрасына деген қызығушылығының арта түскенін айқындаған маңызды мәдени оқиғаға айналды. Іс-шараға Словакияның мәдениет және өнер қайраткерлері, соның ішінде Словакия Республикасы Мәдениет министрлігіне қарасты «Матица словацка» ұлттық мәдени-ағартушылық қоғамының өкілдері, «Словак көзқарастары» әдеби журналының редакциясы, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауымның «Нове слово» клубының мүшелері қатысты.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Словакиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанна Сағынова: «Бұл шығарма қазақ әдебиетінде айрықша орын алады. Ол едәуір дәрежеде автобиографиялық сипатқа ие болып, автордың жеке естеліктерімен қатар, қазақ халқының өмірінен сыр шертетін мәдени шежіре іспетті. Жазушының балалық шағы туралы естеліктері арқылы оқырманға қазақ даласының тыныс-тіршілігі, дәстүрлі өмір салты, отбасылық қарым-қатынастар мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани құндылықтар кеңінен танылады», – деп атап өтті.
Кітаптың әртүрлі буын оқырмандарының жүрегінен орын тауып отырғаны жөнінде өз ойларымен «Матица словацка» ұйымының философиялық-мәдениеттану бөлімінің төрағасы Лукаш Перный, Словакияның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Петер Юза, сондай-ақ Бауыржан Момышұлының шығармасын словак оқырманына танытқан аудармашы Виктория Ляшук бөлісті.
Іс-шара бағдарламасы аясында романнан словак тілінде үзінділер оқылып, қатысушыларға шығарманың көркемдік қуаты мен эмоциялық тереңдігін тереңірек сезінуге мүмкіндік берілді. Әдеби кештің музыкалық көркін Қазақстанның ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген дәстүрлі домбыра күйлері әрледі.
Бауыржан Момышұлының романының таныстырылымы қазақ-словак әдеби байланыстары тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналып, сөз өнері мен мәдениеттің халықтарды жақындастыра түсетінін айқын көрсетті.