
Братислава, 2026 жылғы 27 ақпан – Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшісі Жанна Сағынова Словакия Республикасының Ұлттық кеңесінің депутаты Михал Бартекпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Словакия арасындағы саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары қаралды. Екіжақты өзара іс-қимылдың басым бағыттары, соның ішінде парламентаралық диалогты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Мемлекетаралық қатынастарды нығайтудың тиімді құралы ретіндегі парламенттік дипломатияның рөлін атап өткен Қазақстан Елшісі Словакия парламентінде Қазақстанмен достық тобын құру жоспарларын құптап, ЕҚЫҰ мен Еуропа Кеңесінің парламенттік ассамблеялары жұмысына қатысу аясында екі ел парламентарийлері арасында тығыз байланыстар орнатуды қолдайтынын білдірді.
Дипломат сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғырту басымдықтарымен таныстырды. Әңгіме барысында «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде мемлекеттік дамудың кемел кезеңіне көшу үдерісін аяқтауға бағытталған конституциялық реформаға ерекше назар аударылды.
Словакиялық депутат реформаның тұжырымдамалық қағидаттарына, атап айтқанда бір палаталы Парламентке (Құрылтайға) көшу, Вице-Президент институтын енгізу және жалпыұлттық диалогтың жаңа платформасы – «Қазақстанның Халық Кеңесін» құру мәселелеріне қызығушылық танытты.
Қазақстанда 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыұлттық референдум өтетіні хабарланды. Аталған құжат азаматтық қоғам өкілдерінің, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен ашық форматта әзірленгені атап өтілді.
М. Бартек жаңа Конституцияны қабылдау Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдің прогрессивті мемлекет ретінде одан әрі дамуы үшін маңызды екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тұрақты диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.