
Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова биылғы жылы «UNiTE to End Digital Violence Against All Women and Girls» («Барлық әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік») ұранымен өтіп жатқан Orange the World / Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күніне орай 16 күндік науқанды қолдауға арналған жыл сайынғы кампанияға қатысты. Кампания әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оны жоюға бағытталған.
Іс-шара Словак Республикасының Президенті Петер Пеллегрини, Үкімет мүшелері және дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өтті. Қатысушылар қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқықтарын қорғау және гендерлік негіздегі зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидатын ілгерілету бойынша ұлттық және халықаралық шараларды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Шараның символдық қызғылт сары түсі зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктен азат қоғам құруға деген ұмтылысты білдіреді.
Анықтама: Orange the World кампаниясы жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізіліп, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қарсы күресте мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін біріктіреді.