Братиславада Қазақстан мен Словакия арасындағы қаржы-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері талқыланды

Братиславада Қазақстан мен Словакия арасындағы қаржы-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері талқыланды

Братислава, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынованың Словакия Эксимбанкінің (Eximbanka SR) басшылығымен өткен кездесуінде екіжақты ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды қаржыландыру мәселелері негізгі тақырып болды.

Елші кездесуде соңғы жылдары Қазақстанның экономикалық дамуындағы негізгі жетістіктер мен ел экономикасын кешенді жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.     

Өз кезегінде Банк басқармасының төрағасы Растислав Подгорец Орталық Азия өңірі дамыған инфрақұрылымы, заманауи технологияларға артып келе жатқан сұранысы және шетелдік инвесторларға мемлекеттік институттардың қолайлы ұстанымы нәтижесінде словак компаниялары үшін барған сайын тартымды бағытқа айналып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Словакиядан инвестициялар мен технологиялар трансферін ілгерілету, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құру арқылы Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге жоғары қызығушылық бар екенін жеткізді. 

Кездесу барысында Қазақстан Республикасында инфрақұрылым, өнеркәсіп, көлік, энергетика, цифрландыру және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларға Словакия Эксимбанкінің қаржыландыруын тарту перспективалары талқыланды.

Елші қазақстандық тараптың Эксимбанкпен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында практикалық өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін атап өтті.

Анықтама: Eximbanka SR – 1997 жылы құрылған Словакия Республикасының мемлекеттік экспорттық-импорттық банкі. Оның негізгі мақсаты – словак кәсіпорындарының сыртқы экономикалық қызметін қолдау және олардың халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл мақсатта банк экспорттық несиелер беру, сақтандыру және кепілдік құралдарын ұсыну арқылы коммерциялық және саяси тәуекелдерді азайтуға жәрдемдеседі. Сондай-ақ Eximbanka SR халықаралық сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға белсенді үлес қосады.