Қазақстан Елшісі «Volkswagen Slovakia» зауытына барды

Қазақстан Елшісі «Volkswagen Slovakia» зауытына барды

Братислава, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова «Volkswagen Slovakia» компаниясының штаб-пәтеріне барып, кадр саясаты жөніндегі басқарма мүшесі Кай-Стефан Линнеколмен кездесті.

Елші компанияның оқу орталығы мен өндірістік алаңын аралап, автомобильдерді құрастыру үдерісімен және компанияның жаңа модельдік үлгілерімен танысты.

Сапар аясында Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері зауытта еңбек етіп жүрген отандастармен кездесті. Қазіргі уақытта Братиславадағы өндіріс орнында 137 қазақстандық азамат жұмыс істейді. Дипломаттар олардың еңбек және тұрмыс жағдайларымен танысты. Кездесу барысында кабылдаушы елдің заңнамасын, соның ішінде көші-қон талаптарын сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Елшіліктің қазақстандық азаматтарға консулдық және құқықтық мәселелер бойынша қажетті көмек пен кеңес көрсетуге әрдайым дайын екені атап өтілді.

«Volkswagen Slovakia» – Словакиядағы жетекші автомобиль өндірушілерінің бірі әрі елдің ең ірі жеке жұмыс берушісі және салық төлеушісі болып табылады. Кәсіпорын өз алаңында «Volkswagen», «Audi», «ŠKODA» және «Porsche» маркалы автомобильдерді шығарады. Компания «Volkswagen AG» концернінің құрамына кіреді. Аталған концерн Еуропаның 32 елінде, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Азия мен Африкада орналасқан 115 зауытты басқарады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша концерн 9 миллионнан астам автомобиль өндіріп, жалпы табысы 324,7 миллиард еуроны құрады. Концерннің қызметкерлер саны шамамен 679 мың адамды құрайды.