Қазақстан Елшісі Дуклада өткен мемориалдық іс-шараға қатысты

Қазақстан Елшісі Дуклада өткен мемориалдық іс-шараға қатысты

Ү.ж. 5 қазанда Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Екінші дүниежүзілік соғыстың қазіргі Словакия аумағында өткен ең ірі әскери операциялардың бірі – Карпат-Дукла шайқасының 81 жылдығына арналған еске алу іс-шараларына қатысты.

Салтанатты рәсім Дукла асуында орналасқан ұлттық мәдени ескерткіш – «Дукла шайқасы алаңы» кешенінде өтті. Іс-шараға Словак Республикасының Президенті Петер Пеллегрини, Премьер-министр Роберт Фицо, Үкімет мүшелері, дипломатиялық корпус өкілдері, ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен аймақ тұрғындары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар Чехословакияны азат ету жолында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды және мемориалға гүл шоқтарын қойды.

1944 жылғы 8 қыркүйектен 28 қазанға дейін жүргізілген Карпат-Дукла операциясы Чехословакияны азат етудің шешуші кезеңдерінің бірі болды. Бұл әскери операция Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қанды шайқастарының бірі ретінде тарихта қалды. Онда Қызыл Армияның 21 мыңнан астам жауынгері қаза тапқан.

Анықтама: Чехословакия бөлінгенге дейін 6 қазан Чехословакия халық армиясының күні ретінде аталып өтетін. 1993 жылдан 2015 жылға дейін тәуелсіз Словак Республикасында бұл күн Дукла құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Ал 2016 жылдан бастап, Словак Республикасы Ұлттық кеңесінің 2015 жылғы 24 қарашадағы шешіміне сәйкес, ол Карпат-Дукла операциясы қаһармандарының күні ретінде аталып келеді.