Братиславада Қазақстан-Словакия арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды

Братиславада Қазақстан-Словакия арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды

Братислава, 2025 жылғы 12 қыркүйек – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасы Президентінің сыртқы саясат және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ян Кубишпен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Ж.Сағынова әңгімелесушіні 2025 жылғы маусым айында Словакия Премьер-министрі Р.Фицоның Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы туралы хабардар етті. Энергетика, ауыл және су шаруашылығы, көлік және логистика, цифрландыру, білім беру мен мәдениет, туризм және спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзектілігі ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында Президент Кеңесшісі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі қағидаларымен танысты.

Я.Кубиш Қазақстан Республикасының тұрақты дамуына бағытталған түбегейлі реформаларды жоғары бағалап, Словакия басшылығының Қазақстанмен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендігін білдірді.