Братислава, 2025 жылғы 26 тамыз – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Братиславадағы М.Р.Штефаник атындағы халықаралық әуежайдың бас директоры және басқарма төрағасы Душан Новотамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Словакия арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелерін, соның ішінде Астана–Братислава бағыты бойынша тікелей рейс ашу мүмкіндігін талқылады.
Елші әуежай басшылығын ҚР Үкіметінің авиация саласын жаңғырту, алты халықаралық әуе хабын дамыту, сондай-ақ ұлттық жүк әуе тасымалдаушысын іске қосу жөніндегі шараларымен таныстырды.
Қазақстанда «ашық аспан» режимінің енгізілуі және «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесінің қолданылуы шетелдік әуе компанияларының қазақстандық нарыққа шығуына қолайлы жағдай туғызып, азаматтық авиация саласында бәсекелестікті арттыруға әрі әуе бағыттарының географиясын кеңейтуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сондай-ақ, өзінің тиімді географиялық орналасуы мен әлеуетінің арқасында Қазақстан Еуропа мен Азия нарықтарын байланыстыратын жолаушылар мен жүк тасымалының артып келе жатқан ағынын қамтамасыз етуде маңызды дәнекер болуға әлеуеті бар екендігі назарға алынды.
Словакия тарапына жүк әуе тасымалдарын ұйымдастыру, сондай-ақ еуропалық әуе компанияларының шығысқа бағытталған рейстерінде Қазақстан әуежайларын транзиттік және қосалқы әуежай ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Қазақстан Словакия азаматтары үшін Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияға сапарлар барысында қолайлы транзиттік торап қызметін атқара алатыны айтылды.
Тараптар тікелей әуе қатынасын орнату өзара сауда, іскерлік байланыстар және туристік ағындардың кеңеюіне серпін беретіні жөнінде ортақ пікірге келіп, алдағы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады.