Қазақстан мен Словакия көлік саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті

Қазақстан мен Словакия көлік саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті

Братислава, 2025 жылғы 5 тамыз – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова «Словакияның қоғамдық порттары» АҚ-ның Бас директоры Матей Даноцимен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар көлік-транзит және логистика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Қазақстандық және словакиялық порт құрылымдарының өзара іс-қимыл әлеуетіне, сондай-ақ Дунай өзені арқылы мультимодалды тасымалдарды дамыту мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.

Елші Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуына Қазақстанның белсенді үлес қосып жатқанын және оның жаһандық жеткізу тізбектеріне тұрақты интеграцияға жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Словакияның бір-бірін толықтыратын географиялық орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы жаңа логистикалық бағыттарды дамытуға серпін беретінін айтты.

Өз кезегінде М.Даноци «Братислава» портының қазіргі әлеуеті мен оны кешенді жаңғыртуға бағытталған жоспарлармен таныстырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді және сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.