2025 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасының Ош қаласындағы Бас консулдығының тікелей қолдауымен Ош қаласына Қазақстанның «Таңбалы» Тарихи-мәдени және табиғи музей қорығының директоры Б.Дандығараева бастаған делегациясының жұмыс сапары өтті. Сапардың мақсаты - Қырғыз Республикасының 3 мың жылдық тарихы бар «Сулейман-Тоо» Ұлттық тарихи-археологиялық музей кешенімен өзара іскерлік байланыстар орнату, мұражай жұмысымен жергілікті тұрғындарды таныстыру, мұражай экспонаттарын қорғау мен сақтау, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу бағытында тәжірибе алмасу, сонымен бірге жалпы Орталық Азия аймағындағы тарихи-мәдени және табиғи мұражайлар арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыру.
Екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды одан әр арттыруды көздеген игілікті іс-шаралар аясында «Таңбалы» Тарихи-мәдени және табиғи музей қорығы мен «Сулейман-Тоо» Ұлттық тарихи-археологиялық музей кешені арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, өзара делегациялар алмасу жөніндегі уағдаластық жасасылды.
ҚР Ош қаласындағы Бас консулдығы