Қазақстан Елшісі Қырғыз Республикасының Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Қырғыз Республикасының  Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

    2021 жылғы 17 мамырда Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа сенім грамоталарын тапсырды.

         Рәсім барысында Қырғызстан Президенті Елшіні қызметке тағайындалуымен құттықтай отырып, оның аталған лауазымдағы жұмысы елдеріміз арасындағы бауырластық, тату көршілік және өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

         Кездесу барысында Елші Р.Жошыбаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасында болған және адам өліміне әкелген оқиғаларға орай Қырғызстан халқына қайғырып көңіл айтып, Қазақстан Республикасы басшылығы атынан қолдау лебізін жеткізді. 

         Р.Жошыбаев сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз арасындағы бауырластық және одақтастық қарым-қатынастарды әрдайым қолдайтынын, әрі бұл бағытты қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырғанын баса айтты.

         Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтті, сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты арттыру перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың басым бағыттары туралы пікір алмасты.

     Кездесу соңында Президент С.Жапаров Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевқа және Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа ізгі лебіздерін білдірді. Оған қоса жаңа елшіге қазақстандық-қырғыз қарым-қатынастарын одан әрі нығайту жолында зор табыстар тіледі.