ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова Қырғызстанға келді

ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова Қырғызстанға келді

     2021 жылғы 10 наурызда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова Қырғызстанға сапармен келді. Қазақстан Республикасының танымал ақын-жазушылары, әнші-күйшілері бар делегация Бішкектегі А.Осмонов атындағы Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан Абай Құнанбайұлы атындағы Қырғыз-Қазақ мәдени орталығында болды. Жиын барысында екі елдің Мәдениет министрлері мен зиялы қауым өкілдері мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар туралы ойларын ортаға салып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

         А.Райымқұлова 2021 жылы Қазақстанның Қырғызстандағы мәдениеті күндері болатынын, екі елде жыр алыбы Жамбыл атамыздың 175 жылдығы атап өтілетінін баса айтты.     

         Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қ.Иманалиев осы жылы бірлесіп кино түсіру ісін қолға алатынын, театрлардың өзара гастролдері өтетінін хабарлады.

         Бұдан соң қазақстандық делегация жазушы Ш.Айтматовтың Музей үйінде болып, ондағы жәдігерлермен танысты, отбасы мүшелерімен әңгімелесті.  

         Одан әрі қонақтар «Ата-Бейіт» Мемориалдық кешеніне барып, репрессия құрбандары ескерткішіне гүл шоқтарын қойды және Ш.Айтматов қабірінде болып, рухына құран бағыштады.

         Делегация халықаралық түркі мәдениеті ұйымы («Түріксой») мен Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі ұйымдастырып отырған Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға қатыспақ.