Бішкекте «Жамбыл - қазақ-қырғызға ортақ ақын» атты тақырыпта жиын өтті

Бішкекте «Жамбыл - қазақ-қырғызға ортақ ақын» атты тақырыпта  жиын өтті

       2021 жылғы 28 қаңтарда «Манас» және Шыңғыс Айтматов Ұлттық Академиясының ғимаратында «Жамбыл – қазақ-қырғызға ортақ ақын» тақырыбында жиын өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырды.

         Түркі тілдес елдер тәуелсіздігінің 30 жылдығына және көрнекті жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған алқалы басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Н.Қадырбеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, «Манас» және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының президент Т.Тургуналиев, сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстанның белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, танымал түркітанушы ғалымдар, Түркі елдері Ұлттық ғылым академияларының жетекшілері қатысты.

         Жиында сөз алған А.Райымқұлова биыл «Дала Гомері» атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы елімізде кең көлемде атап өтілетінін айтты. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ескере отырып, Мемлекет Жамбыл тұлғасы мен бай мұрасын жан-жақты насихаттау үшін толымды шаралар қабылдамақшы.

         Айта кету керек, бүгінде Қырғыз Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық негізінде екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыс орнатылып, оның шеңберінде бірқатар іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

         Оған қоса, Президент Қ.Тоқаевтың Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапарынның қорытындысы бойынша 2021 жылы Қырғыз Республикасында Қазақстан Республикасының Мәдениет күндерін өткізу жоспарлануда.