Бішкекте Абай күні атап өтілді

Бішкекте Абай күні атап өтілді

2026 жылғы 10 тамызда Бішкектегі Театр саябағында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына және Абай күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара Абай Құнанбайұлының ескерткіші жанындағы алаңда ұйымдастырылды. Оған Қырғызстанның мемлекеттік және қоғамдық ортасының өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, қазақ диаспорасы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, студенттер мен Абай шығармашылығын құрметтеушілер қатысты.

Жиналғандарға Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбілқайыр Сқақов құттықтау сөз сөйледі.

Ол қонақтарға іс-шараға қатысқаны, ұлы ойшылдың мұрасына көңіл бөлгені және қазақ пен қырғыз халықтары арасындағы мәдени әрі рухани байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Елші Абай шығармашылығы білімге, әділеттілікке, адал еңбекке және адамгершілік тұрғыдан кемелденуге деген ұмтылыстың символына айналғанын атап өтті.

«Абайдың философиялық идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның өлеңдері мен «Қара сөздері» жастарды ойлануға, дамуға, еңбекті құрметтеуге және өз елінің болашағы үшін жауапкершілікті сезінуге үйретеді», -  деді Әбілқайыр Сқақов.

Ол өз сөзінде Абай мұрасының Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық пен мәдени ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне ерекше назар аударды.

Оның айтуынша, ұлы ақынның ескерткішінің Бішкекте, бауырлас қырғыз жерінде орнатылуының терең символдық мәні бар. Екі мемлекеттің басшыларының бастамасымен бой көтерген монумент Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы терең тарихи және мәдени байланыстардың жарқын көрінісіне айналды. Екі халықты ортақ дәстүрлер, рухани құндылықтар және ғасырлар бойғы достық біріктіреді.

«Бүгінгі іс-шара - Абай рухына тағзым ету ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы берік достықтың, өзара құрмет пен жемісті мәдени ынтымақтастықтың айғағы. Ұлы ойшылдың дана мұрасы жастарды одан әрі шабыттандырып, келер ұрпақ үшін адамгершілік бағдар болып, елдеріміз арасындағы достықтың нығаюына қызмет ете берсін»,  - деді Елші.

Іс-шара аясында саясаттанушы әрі мемлекеттік басқару саласының сарапшысы Шерадил Бақтығұлов та сөз сөйледі.

7-сынып оқушысы Альбина Бауыржанқызы Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін оқыды.

Бағдарламаның музыкалық бөлігін Қырғызстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қазақ мәдени орталығының фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұрлан Әбдіралиев жалғастырды. Ол домбырамен «Көзімнің қарасы» және «Күміс құмған-ай» шығармаларын орындады.

Сондай-ақ қонақтар алдында Қордай аудандық Мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі К. Қожагазина өнер көрсетті.

Іс-шараның негізгі бөліктерінің бірі Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды. Қазақстан Республикасының Елшісі мен іс-шараға қатысушылардың атынан монументке гүл себеті қойылды.

Ресми рәсімнен кейін еркін микрофон ұйымдастырылды. Қоғам өкілдері, мәдениет қайраткерлері, іс-шара қонақтары және Абай шығармашылығын құрметтеушілер оның әдеби және философиялық мұрасының маңызы туралы ойларымен бөлісті.

Іс-шараға қатысушылар Абай Құнанбайұлының мұрасы Қазақстан мен Қырғызстан халықтарын біріктіретін, екі ел арасындағы мәдени диалогтың одан әрі дамуына ықпал ететін маңызды адамгершілік және рухани бағдар болып қала беретінін атап өтті.