
2026 жылғы 15 сәуір, Бішкек қ. – Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің 11-ші кеңесіне қатысты. Кеңес ШЫҰ елдерінде тұрақты азық-түлік жүйелерін дамыту мақсатында органикалық ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналды.
Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүреков басқарды. Ол құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанда органикалық егіншілікке бағытталған тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Атап айтқанда, Е. Тасжүреков қазіргі таңда Қазақстанда органикалық егіншілік алқаптарының көлемі 300 мың гектардан асқанын және бұл көрсеткіштің алдағы уақытта арта түсетінін хабарлады. Органикалық өнім өндіру саласында 39 шаруашылық жұмыс істейді, оның ішінде 13-і ішкі нарықта өнім өткізу үшін отандық орган арқылы сертификатталған, ал 26-сы экспортқа шығару үшін еуропалық регламентке сәйкес сертификат алған. Органикалық өнімнің негізгі экспорт нарықтары – Еуропалық Одақ елдері, әсіресе Германия, Нидерланды және Швейцария. Экспортқа негізінен бидай, жасымық, ноқат және майлы дақылдар шығарылады, олар жоғары сұранысқа ие.
Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Эрлист Акунбековтың айтуынша, ауыл шаруашылығы экономикадағы негізгі сала ретінде қазіргі климаттық және жаһандық сын-қатерлер жағдайында экологиялық және органикалық егіншілікке баса назар аударуды талап етеді.
Кеңеске қатысушылар ШЫҰ-ның 25 жылдығы кезеңінде өткен бұл кездесудің маңыздылығын атап өтіп, азық-түлік қауіпсіздігі, агросекторды тұрақты дамыту, аграрлық сауда, ғылыми-техникалық ынтымақтастық, су ресурстарын басқару, қайта өңдеу өнеркәсібін қолдау және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында хаттамаға қол қойылды. Құжатта тұқым селекциясына қатысты мәселелерді бірлесіп қарастыру, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамыту және кадрлық тәжірибе алмасу қарастырылған. Сонымен қатар, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін ілгерілетуге бағытталған өзара іс-қимыл тұжырымдамалары әзірленді.
Э. Акунбековтың айтуынша, әрбір ел осы келісім аясындағы шараларды өз бетінше пысықтайтын болады. Алдағы кездесулер 2026 жылғы 11–12 мамыр күндері Тәжікстанда ФАО аясындағы кеңес барысында өтеді.