
2025 жылғы 3 сәуірде Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жауапты ведомстволары басшыларының жетінші кеңесі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Курмалаев қатысты. Кездесу Қазақстан, Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдерін біріктірді.
Қазақстан тарапы өңірдегі негізгі экологиялық сын-қатерлерді атап өтті. Олардың қатарында климаттың өзгеруі, су тапшылығы, мұздықтардың қысқаруы, жердің тозуы және биоалуантүрліліктің азаюы бар. Осыған байланысты үйлестіруді күшейтіп, бірлескен іс-қимылды арттыруға шақырды.
Қазақстанның 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға қысқарту жөніндегі міндеттемелерді іске асырып жатқаны, сондай-ақ 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 17 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отырғаны атап өтілді. Сонымен қатар 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша шаралар әзірленуде.
Ұсыныстар аясында Қазақстан бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту, тұрақты технологияларды енгізу және «ШЫҰ-ның экожүйелік цифрлық картасын» әзірлеуді ұсынды.
Сондай-ақ киік популяциясын қалпына келтіру бойынша табысты тәжірибе ұсынылды. Қазіргі таңда оның саны 3,9 млн басқа жетті.
Қалдықтарды қайта өңдеуді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жалпы сомасы 293 млрд теңге (~$640 млн) болатын қоқыс жағу зауыттарын салу жобаларын іске асыруда.
Қазақстан ШЫҰ елдерін 22–24 сәуір күндері Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырды.