
2026 жылғы 10 наурыз, Бішкек қ. – Қырғыз Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаевтың Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігінің және Қырғыз Республикасының Ұлттық инвестициялық қорының (ҰИҚ) өкілдерімен кездесуі өтті.
Кездесу екі ел шекарасындағы «Қарасу» – «Ақ-Тілек» өткізу пункттері маңында Индустриялық сауда-логистикалық кешенін (ИСЛК) салу жөніндегі ауқымды бірлескен жобаны іске асыру аясында өтті. Бұған дейін Қырғыз Республикасы тарапынан ИСЛК-ның басқарушы компаниясы ретінде Ұлттық инвестициялық қор айқындалған болатын.
Кездесу барысында Елші қырғыз әріптестерін жүргізіліп жатқан ағымдағы жұмыстар туралы қысқаша хабардар етті. Ол қазақстандық тараптың ИСЛК инфрақұрылымын құру бойынша құрылыс жұмыстарын бастап кеткенін, сондай-ақ кешен аумағында өз бизнес-жобаларын іске асыруға дайын әлеуетті инвесторлармен белсенді келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, көлік логистикасы, сервистік инфрақұрылым және басқа да салалардағы жобаларды іске асыру үшін Қазақстан, Қырғызстан, Қытай Халық Республикасы және басқа елдерден 20-дан астам компаниядан өтінімдер келіп түсті. Сонымен қатар, шекараның екі жағында да барлық рәсімдерді цифрландыру арқылы ірі жүк көліктеріне арналған автотұрақтар салу жоспарлануда.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірыңғай еркін экономикалық аймақ құру жөніндегі өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында бірлескен Жол картасына қол қоюға уағдаласты.
Басқарушы компаниялардың басшылары аталған кездесудің маңыздылығы мен дер кезінде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қол жеткізілген келісімдерді іске асыруды жеделдету туралы шешім қабылдады.