Экономикалық ынтымақтастықты нығайту

Экономикалық ынтымақтастықты нығайту

11 ақпан 2026 жыл, Бішкек қ. – Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігінде Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаевтың Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі Бақыт Сыдықовпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар қырғыз министрлігі желісі бойынша екі ел арасындағы екіжақты күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша өзара іс-қимылды талқылады.

Атап айтқанда, биыл Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Қырғыз Республикасына жоспарланған ресми сапарының мазмұндық бөлігін қалыптастыру мәселелері, сондай-ақ оның аясында өңірлердің қатысуымен Өңіраралық форум өткізу мәселесі қаралды. Сонымен қатар, тараптар туристік саладағы ынтымақтастықты жалғастыруға және туризмді дамыту жөніндегі тиісті келісімге қол қоюға уағдаласты.

Қазақстан Елшісі Министрге екі ел шекарасындағы «Қарасу» – «Ақ-Тілек» өткізу пункті ауданында бірлескен ауқымды Индустриялық сауда-логистикалық кешен (ИСЛК) жобасы бойынша құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы хабарлап, қазақстандық тараптың қырғыз серіктестерімен толыққанды өзара іс-қимылға дайын екенін растады.

Сонымен қатар, тараптар «Алматы – Ыстықкөл» баламалы автожолын салу және Алматы – Бішкек автожолында ірі Көтерме-тарату орталығын салу жобаларын іске асыру үшін аталған жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу бойынша Азия даму банкімен үйлестіруді жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Р. Жошыбаев пен Б. Сыдықов сондай-ақ шекарадағы өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру, қазақстандық мұнайды Қырғызстанға жеткізу, сондай-ақ Ыстықкөлдегі қазақстандық курорттық нысандарды жаңғырту мәселелері бойынша бірлескен жұмыстың оң нәтижелерін атап өтті.

Тараптар барлық бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бауырлас елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кездесу соңында Министр Елшінің қызметіне жоғары баға беріп, оның екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігінің ведомстволық медалімен наградтау туралы бұйрығын оқып, оны «Ынтымақтастық үшін» салтанатты жағдайда медальді табыс етті.