
2025 жылғы 11 желтоқсанда Бішкек қаласында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Сейтханұлы Жошыбаев Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары Эркебек Джумабекович Аширходжаевпен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар екі елдің ішкі істер министрліктері арасындағы тығыз және тұрақты өзара іс-қимылды атап өтіп, ақпарат алмасуды жүйелі түрде қамтамасыз ету мен жедел ынтымақтастық арналарының тиімділігін сақтаудың маңыздылығын атап көрсетті. Тараптар Қазақстан мен Қырғызстанның құзырлы органдары арасындағы практикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға даяр екендіктерін жеткізді.
Әңгіме барысында Қырғыз Республикасының аумағында ұсталынған немесе тергеу ісі жүргізіліп жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы ұлттық заңнама мен халықаралық келісімдерде көзделген рәсімдерді, соның ішінде дипломатиялық өкілдіктерді уақытылы хабардар ету және консулдық қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды, тұрақты байланыстарды қолдауды және екі ел азаматтарының қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруды келісіп алды.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігі өзара серіктестік пен сенім рухында Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрлігімен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін қуаттады.