
2025 жылғы 12 желтоқсанда Қырғызстанның Ұлттық Ғылым академиясында "Айтматов оқулары - 2025" халықаралық ғылыми- практикалық конференция болып өтті. Конференция жұмысына Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы А.Қойчиев, Қырғызстан президентінің кеңесшісі М.Иманалиев, Қырғызстан ҰҒА академиктері, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Татарстан, Қарақалпақстан айтматовтанушы ғалымдары, Бішкек қаласында аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Сөз сөйлеушілер Шыңғыс Айтматовтың әлемдік және ұлттық әдебиет пен мәдениетке, заманауи дипломатияға және елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, гуманистік құндылықтарды, төзімділік пен сенімді қалыптастыруға қосқан маңызды әрі баға жетпес үлесін атап өтті. Оның шығармалары ХХ ғасырдағы қырғыз әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің классикалық негізі ретінде танылып, 176-дан астам тілге аударылған.
Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев өз сөзінде "Айтматов оқулары" көптеген жылдар бойы көрнекті гуманист, ойшыл және жазушы Шыңғыс Айтматовтың бай мұрасын ғылыми диалог, мәдени алмасу және терең түсіну үшін бірегей алаң болып келгенін атап өтті. "Айтматов түркі әлемінің дәстүрлері мен әмбебап гуманистік құндылықтарды біріктіріп, Орталық Азия әдебиетін бүкіл әлемдегі оқырмандарға түсінікті әрі жақын ете алды. Екі ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық достығы мен рухани жақындығы екі бауырлас халықтың мәңгілік достығының символына айналды. Биылғы тамыз айында Мемлекет басшысының ресми сапары барысында Бішкек орталығында Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған "Достықтың алтын көпірі" ескерткіші ашылды. Айтматовтың мұрасы Қазақстанның мәдени кеңістігінің маңызды бөлігіне айналды, жазушының барлық дерлік шығармалары қазақ тіліне аударылып, қазақстандық театрлар оның шығармалары бойынша спектакльдер қояды", - деп атап өтті дипломат.