QAZAQ AIR Астана – Бішкек – Астана тікелей әуе рейсін іске қосты

QAZAQ AIR Астана – Бішкек – Астана тікелей әуе рейсін іске қосты

Бүгін Бішкектегі «Манас» халықаралық әуежайында Qazaq Air әуе компаниясының Астана – Бішкек – Астана бағыты бойынша алғашқы тұрақты рейсін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Бұл жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық пен достық қатынастардың қарқынды дамуының тағы бір айғағы болып отыр.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаев, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігінің, Азаматтық авиация агенттігінің және «Манас» халықаралық әуежайының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Елші тікелей әуе рейсінің іске қосылуы екі бауырлас ел арасындағы өзара сенім мен құрметке негізделген серіктестік пен өзара түсіністіктің нығаюының заңды нәтижесі екенін атап өтті. Бұл қадам аймақтың көліктік өзара байланысын дамытуға бағытталған нақты істермен бекітіліп отыр.
Жаңа рейс екі достас мемлекеттің астаналарын бар-жоғы екі сағаттық ұшу арқылы байланыстырады. Тікелей әуе қатынасы халықтар арасындағы туризмді, іскерлік байланыстарды және мәдени алмасуды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Рейс кестесі:
* Астана → Бішкек — дүйсенбі, бейсенбі, 14:00 – 16:50
* Бішкек → Астана — дүйсенбі, бейсенбі, 17:50 – 19:15
Билеттер flyqazaq.com сайтында және Qazaq Air әуе компаниясының ресми серіктестері арқылы қолжетімді. Сонымен қатар, Омбы мен Новосібірден Астана арқылы Бішкекке қосымша рейстер қарастырылған, ал Қазақстан ішінде кең ішкі бағыттар желісі ұсынылған.
Астана – Бішкек – Астана бағытының іске қосылуы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы көліктік, гуманитарлық және экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтып, екі ел азаматтарына жаңа мүмкіндіктер ашады.