Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Х Халықаралық «ART-ORDO» театр фестиваліне қат

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Х Халықаралық «ART-ORDO» театр фестиваліне қат

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Х Халықаралық «ART-ORDO» театр фестиваліне қатысады.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ағымдағы жылдың 20-25 қазан күндері аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында өтетін X Халықаралық «ART-ORDO» театр фестиваліне «Ұлпан» (авт.: Ғабит Мүсірепов, реж.: Гүлназ Балпеисова) спектаклімен қатысады. 21 қазан күні сағат 19:00-де Токтоболот Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры сахнасында бақ сынайды.

Биылғы фестиваль Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына және ұлы қырғыз жазушысы Мар Байджиевтің 90 жылдығына арналды. Мұнда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан елдерінен келген театр ұжымдары өз қойылымдарын сахналайды. Шығармашылық пен шабытқа толы бұл фестиваль – сахна мен жанның тоғысқан, ой мен сезімнің үйлескен кеңістігі және өнерге деген шынайы құрмет пен әлемдік мәдениетпен үндесудің жарқын көрінісі болмақ.

 «Ұлпан» – тек әйелдің әсем болмысын ғана емес, қазақ халқының өмірлік жолын суреттейтін драма. Бұл – дала тіршілігін өзгерткісі келген талпыныс туралы мұңды тарих. Ақылды, жігерлі, әділ Ұлпан қарапайым халықтың тұрмысын жеңілдетуге тырысып, орыс халқынан көрген жақсы дүниелердің барлығын өз өміріне енгізуге талпынады. Оның бастамалары мен игі істері ықпалды би әрі жұбайы Есенейдің қолдауына ие болғанымен, дәстүрлі патриархалды көзқарастарды ұстанушылардың қарсылығына тап болады. Әйел тағдырын қозғап, ұлт болмысының тереңіне бойлайтын бұл спектакльдің премьерасы 2024 жылдың 28 шілдесінде өткен болатын. Содан бері азғантай уақыт өтсе де көрермен көзайымына айналып, біраз жетістіктерді бағындырып үлгерді. Атап айтар болсақ, 2024 жылдың 6-11 қараша күндері аралығында Шымкент қаласында өткен Орталық Азия елдері театрларының ІХ халықаралық фестивалінде «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесін иеленді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан театр сыншыларының кәсіби бағалауы нәтижесінде «Жыл қойылымы» атанып, сыншылар жүлдесін жеңіп алды. Қырғызстанның Мәдениет және спорт министрлігі тағайындаған «ЭРГҮҮ» ұлттық театр жүлдесінде «Шетелдік үздік театр қойылымы» номинациясын иеленді. Бұдан бөлек, 2025 жылдың 5-12 қыркүйек күндері Беларусь елінің Брест қаласында өткен ХХІХ Халықаралық «БЕЛАЯ ВЕЖА» театр фестивалінде «ҮЗДІК ДРАМА ТЕАТРЫ ҚОЙЫЛЫМЫ» жүлдесіне ие болып, шетелдік көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, халықаралық деңгейде үздік деп танылды. Жақында Санкт-Петербург қаласында өткен XXXV Халықаралық «Балтийский дом» фестиваліне қатысып, әлемдік сахнада қазақ театрының абыройын асқақтатты. Бұл қадам қазақ театрының шығармашылық әлеуетін әлемге паш етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Енді осы игі дәстүрді жалғастыра отырып, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қазақ өнерін «ART-ORDO» сахнасына алып шыққалы отыр. Бұл – ұлттық мәдениетіміздің халықаралық театр кеңістігінде лайықты орын алуға деген нық қадамы.