
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және Қырғыз Республикасының Ұлттық тарихи музейі XIX ғасырдан XX ғасырдың соңына дейінгі кезеңді қамтитын Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына арналған, бірегей фотоқұжаттық материалдар негізінде дайындалған «Ғасырлар ізімен: Қазақстан тарихының бейнесі» атты халықаралық фотоқұжаттық көрмені өткізуде.
2025 жылғы 30 қазан мен 13 қараша аралығында Қырғыз Республикасының Ұлттық тарихи музейінде халықаралық мәдени ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған фотокөрме өтеді. Көрме Қазақстанның тарихи мұрасын насихаттауға және оның мәдени дамуы туралы білімдерін кеңейтуге бағытталған.
Көрменің мақсаты – XIX ғасырдың ортасынан бастап XX ғасырдың аяғына дейінгі Қазақстанның тарихи процестері мен мәдени динамикасын тереңірек түсінуге ықпал ететін көрнекі форматта қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасын ұсыну.
Түпнұсқалық фотоқұжаттар негізінде қазақ халқының дәстүрлі өмір салтының ерекшеліктері, сондай-ақ әкімшілік және әлеуметтік реформалар, индустрияландыру, ұжымдастыру, өнеркәсіп пен басқа да салалардың даму кезеңдері жан-жақты көрсетіледі. Құжаттар қазақ бірегейлігінің қалыптасу жолдарын, әлеуметтік құрылым мен мәдени тәжірибелердегі өзгерістерді және әр дәуірдегі күнделікті тұрмысты айқын бейнелейді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі қорындағы фотоматериалдар ел тарихы мен мәдени дамуына жаңа көзқараспен қарауға жол ашады. Бұл деректер қоғамдағы ауқымды өзгерістерді, мәдени серпілістерді, өмір шындығын және дәстүрлі тұрмыс түрлерінің жаңаруымен өзара байланысын көрсетеді. Күнделікті өмір көріністері мен маңызды тарихи сәттердің бейнелері арқылы ұлттық тарихтың көпқабатты бейнесі жасалып, өткеннің естелігі қазіргі кезеңді терең түсінудің және болашақты айқындаудың негізіне айналады.
Экспозицияның ерекше бөлігі қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғалары – Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев пайдаланған музыкалық аспаптардың көшірмелерінен тұрады. Бұл бірегей жәдігерлер тарихи-мәдени ғана емес, рухани құндылыққа ие болып, ұлттық дәстүрдің сабақтастығын және қазақтың музыкалық мұрасының байлығын паш етеді. Сондай-ақ көрмеде қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнерінің ерекше түрі – «ортеке» ұсынылады. Ол музыкалық, театрлық және би элементтерін ұштастырған синкретті өнер түрі болып табылады. Бұл өнерде ағаштан жасалған теке бейнесі домбыра үнімен үндесіп, қимыл-қозғалыс арқылы адам мен табиғаттың үйлесімін көркем жеткізеді. «Ортеке» – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының маңызды бөлігі, музыкалық және қимыл өнерінің тоғысын, орындаушылардың жоғары шеберлігін және қазақ мәдениетінің көркем болмысын айқындайтын бірегей дәстүр. Ұсынылып отырған материалдар Қазақстанның тарихи тәжірибесін тереңірек түсінуге, дәстүр сабақтастығын және оның ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы ықпалын ғылыми тұрғыда айқындауға мүмкіндік береді. Экспозиция мәдени мұраны халықтың рухани және тарихи дамуының үздіксіздігін бейнелейтін күрделі динамикалық жүйе ретінде танытады.
Көрменің ашылуы: 2025 жылғы 30 қазан.
Өтетін орны: Қырғыз Республикасы, Бішкек қаласы, Чүй даңғылы, 112-үй, Қырғыз Республикасының Ұлттық тарихи музейі.
Өтетін уақыты: сағат 14:00
Байланыс деректері: Қырғыз Республикасы, Бішкек қаласы, Қырғыз Республикасының Ұлттық тарихи музейі.
Координатор: Қырғыз Республикасының Ұлттық тарихи музейінің ғылыми хатшысы Иманалиева Дамира. Тел./факс: +996 507 767 976.
Байланыс деректері: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Орталық мемлекеттік музей.
Көрменің кураторы: Қазақстан тарихын зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері Асылбекова Назгуль Оңталапқызы. Тел./факс: +7775 6798822. E-mail: alhao@mail.ru
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙІ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Орталық Азия аймағындағы ең ірі музейлердің бірі. Музей қорында 280 мыңнан астам экспонат бар. Қазіргі уақытта музейде жеті тұрақты көрме залы жұмыс істейді. Олардың коллекциялары палеонтологиялық кезеңнен бастап Қазақстанның ежелгі, ортағасырлық, жаңа және қазіргі заман тарихымен қатар қазақ халқының этнографиясымен таныстырады. Сонымен қатар, Орталық музейдің көрермендерінің ерекше қызығушылығын тудыратын «Алтын қоры», «Антропология» экспозициялық залдары мен қазақ этнографиясын бейнелейтін Н.Г. Хлудов коллекциясы экспозициясы.
Орталық музейдің алғашқы коллекциясы ХІХ ғасырдың 30-жылдары жинақталған. Оның негізі Орынбордағы Неплюев әскери училищесінде «Орынбор өлкесіндегі Музеум» деген атпен ұйымдастырылды. Оны ұйымдастырушылардың бірі – белгілі тіл маманы, «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінің» авторы Владимир Даль. Әр жылдарда музей қорының құрамы Жетісу облысы (1929 ж.) мен республикалық атеизм музейінің (1941 ж.) коллекцияларымен толықтырылды. Музей 1904-1907 жылдары Алматы қаласындағы вернендік белгілі архитектор А.П. Зенковтың жобасы бойынша салынған тамаша архитектуралық кешен – Вознесенский кафедралды соборына орналасты. 1920 жылы Қазақ автономиялық республикасының басшылық қаулысымен Орталық Қазақ өлкетану музейі құрылды. Осы сәтте Орынбор губерниясы музейіндегі коллекциялардың бір бөлігі жаңадан құрылып жатқан Орталық өлкетану музейіне берілді.
1944 жылы музей 1-категорияға жатқызылып, өзінің қазіргі – Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейі атауына ие болды. Бұдан кейінгі жылдары да өзінің қалыптасуы мен дамуында Орталық музей еліміздің басты мәдени-ағартушы және ғылыми мекемелерінің бірі ретінде республиканың дамуына қомақты үлес қосты. XIX ғасырда өз қызметін бастаған, ХХ ғасырдағы бар қиындықты бастан өткерген Орталық музей еліміздегі өзге де музейлердің ұйымдастырылуы мен дамуына атсалысты. Орынбор, Қызылорда, Алматы кезеңдерін басынан өткерген, өлкеміздің археологиялық, этнографиялық және географиялық байлықтарын зерттеуде белгілі нәтижеге қол жеткізген музей көпшілікті ел тарихымен таныстырады. Орта Азия мен Қазақ өлкесіндегі ең үздік архитектуралық ғимарат болып есептелетін музейдің қазіргі ғимараты 1985 жылы Ю.Ратушный, З.Мұстафина және Б.Рзағалиевтардың жобалары бойынша салынған. Мұндағы көрме экспозициясы 7000 шаршы метрді құраса, музейдің жалпы ауданы 20 мың. шаршы метрді құрайды. Музейдің қор коллекциясы тарихи, археологиялық және этнографиялық сипаттағы 280 мыңнан астам сақтам бірліктен тұрады.
Музейдің қор жинақтарын қалыптастыруда қазақ мәдениеті, әдебиеті мен өнер қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлерінің атқарған қызметтері зор болды. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов, Ә.Жиреншин, Ғ.Мұстафин, К.Бадыров, Ә.Марғұлан және т.б.
2005жылы Музей ресми түрде ғылыми-зерттеу ұйымы статусын иеленді. Бұл өз кезегінде музейдің ғылыми-зерттеу (оның ішінде қор жұмысы) және мәдени білім беру жұмыстарын жетілдіруге жаңа қарқын берді.
Еліміздің байырғы және басты музейінің бірі – Орталық музей отандық музей ісінің көшбасшысы болып табылады. Ал оның бай қорлары мен сәулетті залдарында халқымыздың аса құнды тарихи-мәдени жәдігерлері сақталуда.
Бүгінгі таңда еліміздегі бірден-бір жетекші әрі ең ірі музей болып саналатын ҚР МОМ өз қызметінің негізгі бағыттары – мәдени-білім беру, экспозициялық-көрме, қор-сақтау, ғылыми-зерттеу, қалпына келтіру, жинау, есепке-алу, редакциялық-баспа, ақпарат және басқа да қызметтер бойынша нәтижелі жұмыс атқарып, алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық байланыс орнатқан, мемлекетіміздің бүгінгі таңда жүргізіп отырған саясатын мәдениет пен ғылым саласына енгізуде зор іс атқаруда.
Орталық музей алыс жақын шетелдік әріптестермен ғылыми-зерттеу, экспозициялық көрме бағытындағы жұмыстарды жан-жақты өткізеді.